Жарамсыз диплом: медицина факультетінің студенттері шу көтерді

Almaty.tv
Almaty.tv

Денсаулық сақтау министрлігі туындаған келеңсіздікке университетті кінәлайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дипломымыз жарамыз боп қалуы мүмкін деген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина факультеті студенттері резидентураға түсе алмай, болашақтарына алаңдайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Өйткені жоғары оқу орнын тәмәмдап, маман атанған түлектерді басқа оқу орындары қабылдамай, білімдерін жеткіліксіз деп таныған екен. Келесі жылы интернатура бітіретін түлектер де мұнымен келіспейтіндерін айтады.

6 жылдық білімдері жеткіліксіз болып танылған алматылық студенттер кімнен көмек сұрап, қайда жүгінерін білмей дал. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина факультетінің интернатурасын биыл 8 түлек бітірсе, келесі жылы 80-нен астам студент оқуын тәмәмдауы тиіс. Алайда олардың қазіргі оқу бағдарламасы бойынша резидентураға түсу мүмкін болмай тұр.

- 6-курсты тәмамдап, әрі қарай резидентураға түсе алмай қалған студенттерімізге қарап, біз де өзіміздің болашағымыз жайлы қобалжып отырмыз. Менің 5 жылдық оқуым зая кетпекші. Себебі ар жағында мен жалпы тәжірбиелі дәрігер болуға ғана құқығым қалып отыр. Бірақ мен 6-курсты тәмәмдап, дәрігер деген сертификат алған соң, барлық құқығыма сай әрі қарай жеке мамандық алғым келеді , - дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі Әлия Құдайберген.

- Егер де солай біліміміз жарамсыз десе, онда неге министрліктің өзі біздің студенттерге дәрігердің лицензиясын береді? «Сендердің білімдерің жарамайды» деп айтуы керек еді. Олардың қолында қазір мемлекеттік үлгідегі дипломымыз тұр. Бітіргеннен кейін өзге ЖОО бізді резидентураға қабылдамауы мүмкін, ол біздің құқығымыздың тікелей бұзылуы, - дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі Айдана Пазылбек.

Нарколог, хирург, неонатолог тәрізді медицинаның нақты салаларын меңгеру үшін резидентураны оқу міндетті. Биылғы бакалавриат түлектері о баста оқуға «5В» бағдарламасымен қабылданған. Бұл ретте олар интернатураны екі жыл оқуы тиіс еді. Алайда 2019 жылы жалпыға міндетті білім беру стандартының жаңа ережесі еніп, студенттер «6В» бағдарламасына көшіп, оқу 1 жылға қысқарыпты.

- Түлектер түскен кезінде бағдарламаның атауы 5B болған, 2019 жылы жаңа мемлекеттік білім беру стандарты қабылданғаннан кейін бағдарламаның атауы 6B деп өзгерді. Ол 5B бойынша, 5 жыл бакалавриат, 2 жыл интернатура болса, 6B бойынша 5 жыл бакалавриат 1 жыл интернатура болуы керек. Егер де Денсаулық сақтау министрлігінің сондай шешімі болса оқыт деген, онда біз тағы 1 жыл оқытуға  дайынбыз, - дейді  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алтай Қазмағамбетов.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі туындаған келеңсіздікке университетті кінәлап отыр. Ведомство мамандары студенттер жаңа стандартқа сай емес, өздері оқуға түскен жылдың талабына сәйкес оқуын бітіруі тиіс еді дейді.

- Түлектер өздерінің оқу орындарына жүгініп, интернатураны тағы бір жыл оқуы тиіс. Сол кезде ғана резидентураға түсе алады. Бұл жерде университеттен ақпараттандыру, бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген көрінеді. Білім туралы заңға сәйкес, студенттер білім алуын оқуға түскен жылындағы бағдарлама бойынша аяқтауы керек. 7 жылдықпен түсті ме, сол 7 жылды толыққанды оқып шығуы тиіс. Кейінірек қолданысқа енген бағдарламаның бұл түлектерге еш қатысы жоқ, - дейді ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаменті басқармасының басшысы Әсет Ізденов.

Сонымен Қазақ ұлттық университетінің медицина факультеті студенттері қолындағы бір парақ дипломымен резидентураға қабылдана алмайтын болып шықты. Енді оқу орны интернатура бағдарламасына өзгеріс енгізіп, түлектерді тағы 1 жыл оқытуы тиіс.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы.

Оқи отырыңыз: Болашақта тіс дәрігерін робот алмастыруы мүмкін

Новости партнеров