Тоқаев: Қазақстан ғылымын дамыту үлгісін түбегейлі өзгерту – аса маңызды міндет

13.04.2023 00:04

Астанада ғарышкерлерге ғылыми зерттеу жүргізетін Орталық Азиядағы ең ірі кешен ашылды

Фото: ernur.kz

Астанада ғарышкерлерге ғылыми зерттеу жүргізетін Орталық Азиядағы ең ірі кешен ашылды. «Space Nomad» деп аталатын кешенде болашақ ғарышкерлер дайындалады. Ал бүгін Президенттің қатысуымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Дамудың басты кілті – ғылым» деген Мемлекет басшысы бұл салаға айрықша мән беріп отырғанын айтты. Елде ғылым артта қалып қойғандықтан Президент жарлығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылған еді. Бүгін оның негізгі бағыттары айқындалды.

«Ғылым саласы ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса маңызды рөл атқаруға тиіс. Мысалы, Қытайда ғылымға негізделген қоғам атты партия мақұлдаған тұжырымдама бар. Яғни, Қытайда ғылымға негізделген қоғам тұжырымдамасы бар. Партия және Үкіметтің барлық маңызды шешімі міндетті түрде ғылыми сараптамадан өтуі керек. Мұның бәрі Қазақстан ғылымының даму моделін түбегейлі жаңартатын уақыт келгенін көрсетеді. Сондықтан Қазақстан ғылымын дамыту үлгісін түбегейлі өзгерту – аса маңызды міндет. Қажет болса, келешекте ғылыми шешімдер мен цифрландыруды негізге алатын парасатты экономика моделіне көшу керек болады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Сонымен қатар, Президент зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттерді қолдау керегін айтты. Ал Үкіметке ғылымға көбірек инвестиция тарту үшін салық жүктемесін жеңілдетуді тапсырды. Бүгінгі жиынға келген ғалымдар да саланы дамыту бойынша ойын жеткізді. Мәселен, Әбдірахман Найзабековтың айтуынша, ғылым мен өндірістің арасындағы байланыс мықты болу керек.

«Өндіріс пен ғылым бірлесе жұмыс істейтін болса, Қазақстан дамыған елдердің қатарында болады. Президент ғылыми атағы бар ғалымдардың жалақысын өсіру керегін айтты», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Рудный индустриялық институты» КЕАҚ Басқарма Төрағасы-ректоры Әбдірахман Найзабеков.

Ал Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Еламан Айбулдинов жастардың шетелде тәжірибе жинау бастамасын қолдайды. Бұл ғылымға енді бет бұрған азаматтар берілген мүмкіндік.

«Мемлекет басшысы айтқандай, көрпемізге қарай көсіліп, әлемнің ең үздік технологиясын емес, өзіміздің шамамыз жететін деңгейде, шикізатқа келетін технологияны іздестіріп, елімізге әкеліп, өндіріс көзін ашу, ғылым мен өндірісті ұштастыру мақсаты қойылды. Мақсатқа жетуде жас ғалымдарды тарту, оларға әлеуметтік көмек беру мәселесі айқындалды», – деді Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Еламан Айбулдинов.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барша ғалымдарды бүгінгі ғылым күнімен құттықтады.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана