Өсімдіктің елордалық жылыжайға жерсінуіне 10 айдай ғана уақыт кеткен
Астанадағы Ботаникалық бақта алғаш рет банан ағашы жеміс берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күніне бір шоқ жидек беретін бұл ағаш Италия тәлімбағынан жеткізіліпті. Өсімдіктің елордалық жылыжайға жерсінуіне 10 айдай ғана уақыт кеткен. Бүгінгі күйінен үш есе кіші болған ағаштың жеміс беруі – жайлы жағдайдың арқасы дейді ғалымдар.
«Осы аптаның ең маңызды оқиғасы – банан ағашының жеміс беруі болды. Бұл шынымен де, ерекше құбылыс. Жылыжайда болса да, Астана сияқты күрт құбылмалы климатта тропикалық ағаштың жеміс түюі алғаш рет болып отыр. Ботаникалық бақта суару мен температураны реттеудің автоматтандырылған заманауи жүйесі бар. Ал бұл ағаштардың өзін жайлы сезінуі үшін ылғалдылық деңгейі 70 пайыздан, ал температура 24 градустан төмен түспеуі қажет», – дейді Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнар СИТПАЕВА.
Оранжереялық кешенде банан ағашынан бөлек, апельсин, лимон және кумкват немесе басқаша айтқанда, жапондық мандарин гүлдеп, жеміс беруде. Жалпы, жылыжайда 70-тен астам тропикалық және субтропикалық өсімдік түрі бар. Белгілі болғаны, Ботаникалық бақ жанынан жақын болашақта жартылай өндірістік жылыжай ашылмақ. Демек, астаналықтар тропикалық өсімдіктерді үй ішінде өсіруге мүмкіндік алады.