Мектепке жол: Алматыда әлеуметтік жағынан аз қамтылған 200 отбасына планшет табысталды

20.08.2020 00:07

Алматыда «Нұр Отан» партиясының ұйымдастырумен «Мектепке жол» акциясы басталды

Аlmaty.tv

Алматыда «Нұр Отан» партиясының ұйымдастырумен «Мектепке жол» акциясы басталды. Шараға бас партияның мүшелері атсалысып жатыр. Бүгін қаладағы зауыттардың бірі әлеуметтік жағынан аз қамтылған 200 отбасына  құны қымбат планшет табыстады. Биыл оқу жылы онлайн оқытудан басталатындықтан, техника аса қажет дейді сыйлық табыс еткендер. Одан бөлек, тағы кімдер оқуға керек заттарға қарық болды? Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан айтсын.

Алматыда республикалық «Мектепке жол» акциясы басталды. Шара жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді. Қайырымдылық шараның басты мақсаты – аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындыққа көмектесу. Бүгін

металл өнімдерін өндіруге арналған шикізатты шығаратын зауыт игі іс жасады. Олар 200 осындай отбасыға планшет және оқуға қажетті керек жарақ толы сөмкені табыстады. Сыйлықты алып кетуге ата-аналары келді.

«Біз жыл сайын жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналарға көмектесеміз. Мәселен, Түрксіб ауданында көмекке мұқтаж 2 жарым мыңнан аса жанұя бар. Биыл қолдан келгенше 500-ден аса балаға көмек көрсетіледі. Пандемияға байланысты мектептер сабақты қашықтан оқиды. Сондықтан басты қажеттінің бірі бұл планшет, компьютер,веб камера деп ойлаймыз», – деді зауыт директоры  Аида Бекманова.

Сондай-ақ, 1 мыңға жуық жұмысшысы бар зауыттың 100-ден аса қызметкері көп бала бағып отырғандар. Кәсіпорын басшылығы  жұмысшыларына да акция аясында жәрдемдеспек. Мәселен, көпбалалы ана Жанар Найзағараеваның 4 баласы бірдей мектепке барады. Келіншек сабақ уақыты әртүрлі балаларына техниканы қалай жеткіземін деп басы қатып жүрген екен.  

«Биыл онлайн сабақ болғаннан кейін басшылығымыз бізге планшет, компьютер береміз деп отыр. Көп-көп рахмет! Алғысымды білдіремін. Төрт балам бірдей оқиды. Сол онлайн сабағына қарсы басшылығымыз бізге көмектесеміз деп жатыр», – деді зауыт жұмысшысы Жанар Найзағараева.

Жуық арада партияластар бірігіп, тағы да отбасыларға көмектесуді көздеп отыр. Игі шара жалғасын табады.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы