Әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау артады. Күні кеше Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұқтаж жандарды мемлекет өзінің ерекше қамқорлығына алатынын тағы да атап өткен болатын.
Осы орайда, Алматыдағы бірқатар жоғары оқу орындары әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын оқытуға қол ұшатын созбақ. Олардың қатарында Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті де бар. Аталған ЖОО ректоры Гаухар Алдамбергенова кейбір балаларды тегін оқытатынын мәлімдеді.
«Партияның съезі қарсаңында Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбектің төрағалығымен үлкен конференция өтті. Жиынға қаладағы жоғары оқу орындарының басшылары қатысып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына шәкіртақы тағайындауға келісті. Енді сол игі бастама одан әрі де жалғасын тауып отыр. Әр ЖОО, олардың қатарында біздің Қыздар педагогикалық университеті де бар, мұндай отбасының балаларын тегін оқытатын болып шештік. Биыл біз әзірге 3 баланы 100 пайыз оқу ақысынан босатамыз. Бұл жерде тек отбасылық жағдайы ғана ескерілмейді, сонымен қатар, баланың сабаққа деген үлгерімі де назарға алынбақ», - дейді Г.Алдамбергенова.
Еске салайық, Алматы әкімі Бауыржан Байбек қала тұрғындарының алдында берген есептік жиынында «Бақытты отбасы» бағдарламасын таныстырып, оның аясында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына бөлек шәкіртақы тағайындалатынын айтқан болатын.