Қарағанды облысы әкімінің экс-орынбасары мүмкіндігі шектеулі жандардың кресло-арбаларына бөлінген қыруар мемлекеттік бюджетті жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұрынғы орынбасардың қалтаға баспақ болған сомасы 36 миллион теңгеден асады. Аталмыш экономикалық қылмысқа аймақтың Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар басқармасының шенеуніктері де қатысы бар. Сыбайластар қазынадан бөлінген қаржыға бағасын әдейі қолдан көтерген және техникалық сипаттамаға сай келмейтін кресло-арбаларды сатып алу арқылы пайда көрмек болған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары осылай дейді. Сот шешімімен басты күдікті мен оның үш сыбайласының жанына күзет қойылған. Тергеу жалғасуда.
«Ол облыстың Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының лауазымды тұлғаларымен алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен облыстың мүмкіндігі шектеулі адамдарын арнайы қатынас көліктерімен қамтамасыз етуге бөлінген 36 млн теңгеден астам сомадағы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп отыр», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман БЕРДАЛИН.
Сонымен қатар, жемқорлыққа барды деген күдікпен Ақмола облыстық ауыл шаруашылық басқарма басшысы және оның орынбасары мен бөлім басшысы ұсталды. Қолға түскендер агроөнеркәсіпті дамыту бағдарламасынан субсидия алу және «қамқорлық көрсеткені» үшін жалпы сомасы 3 миллион теңге пара алмақшы болған. Өзара сөз байласқандар ақшаны қоғамдық қауымдастық есепшотына аударып отырған. Бұл іс бойынша да тергеу жалғасып жатыр.