Биыл №210 мектеп-лицейі қолданысқа берілді
Ал Алматыда биыл 10 жаңа мектеп қолданысқа берілді. Білім күнінде шәкірттеріне есігін айқара ашқан оқу ордасының бірі – №210 мектеп-лицейі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңа білім мекемесі қала әкімдігінің назарынан тыс қалмады. Республикалық «Мектеп автобусы» бағдарламасы аясында оқушыларды 3 автобус тасымалдайды.
Көлікте желдеткіш, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер үшін пандус пен сөмке қоятын арнайы сөре, қауіпсіздік белдігі бар. Сондай-ақ жүргізуші бейнекамералар арқылы жағдайды қадағалап отырады.
– Жоба алыс тұратын оқушыларға арналған. Байбесік ықшамауданынан 222, Ұлжан-2-ден 148 оқушы қатынайды. Мектеп әкімшілігінің бұйрығымен әр сыныпқа арнайы қызметкер бекітілген, – деді № 210 мектеп-лицейінің директоры Гүлнәр Ахметова.
Айта кетейік, биыл Алматыда 8 мыңнан астам оқушыны мектеп автобусы тасымалдайды. Бұл қызмет үшін бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылған. Республикалық жобаны іске асыру балалардың қауіпсіздігін арттыруға, сонымен қатар жолдағы кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
– Автобусқа отырған оқушыларды жауапты қызметкерлер апарып, аялдамада ата-анасына табыстайды. Балаларға ыңғайлы, ұнайды, – деді №210 мектеп-лицейінің мұғалімі Индира Джангурбаева.
Оқи отырыңыз: Астанада үш ауысымды мектеп мәселесі қашан шешіледі