Келесі жылдан бастап ұстаздар жалақысы 25 пайызға көбейеді
Енді Президент қол қойса, ұстаздардың жұмысы жеңілдеп, құқығы қорғалады. Артық тексерістер мен қағазбастылықтан арылады. Келесі жылдан бастап ұстаздар жалақысы 25 пайызға көбейеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін ұстаздар қауымы көптен күткен «Мұғалім мәртебесі» туралы Заң жобасын сенаторлар мақұлады. Бұл құжатты 2024 жылға дейін жүзеге асыру үшін қазынадан 5.3 трлн теңге жұмсалады. Енді оқытушыларға тіл тигізген оқушының ата-анасы Заңмен жазаланады. Балағаттап, құқығын таптағандар 30 АЕК айыппұл төлейді. Сондай-ақ мұғалімдерді қоғамдық жұмысқа ешқандай мемлекеттік орган күштеп шығара алмайды. Министр бұдан былай педагогтардың жүктемесі де азаяды дейді.
«Жүктеме тек аудиторияда сабақ беретін жүктеме ғана емес. Жүктеменің ең көбі олардың өзіне тән емес жұмыстарды орындауы. Әртүрлі есептер, керек жоқ қағазбастылық. Ол қағаздарды ешкім оқымайды да. Оқуға ешкімнің мұршасы келмейді. Уақыты да жоқ. Сондықтан ол қағаздарды біз не үшін талап етеміз. Ол қағаздар керек емес», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Халық қалаулылары ауылдық жерлердегі ұстаздардың мәселесіне қатысты ойларын білдірді. Атап айтар болсақ, әлеуметтік кепілдіктер көлемі көңіл көншітпейді.
«Статистикаға сүйенсек, көмір сатып алу ауқымы әр аймақта әртүрлі. Биылғы жылы Солтүстік Қазақстан облысы мұғалімдеріне бар болғаны жылына 1 300 теңге қарастырылса, Қарағанды облысында 5 мың теңге, ал Көкшетау маңындағы қала, ауылдарында 34 мың теңгені құрап отыр. Мысалы салыстырмалы түрде алар болсақ, көршілес Ресейде тек ауылдық мекенге жұмысқа жолдамамен баратын мұғалімдердің өзіне 5 млн.теңгеге жуық көтерме ақысы төленгелі отыр», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали ӘБДІКЕРОВ.
Бұдан бөлек, Сенат депутаттары Қылмыстық-процесстік заңнаманы жетілдіру бойынша Заң жобасын мақұлдады. Онда мал ұрлығы бойынша жаңа бап енгізіліп отыр. Енді бұл қылмыста татуласу деген болмайды. Қарақшы бірден жазаға тартылады.
«Өйткені халықтың 42 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Мал – олардың күнкөрісі. Бизнесінің тірегі. Сондықтан қорасынан малын алып кеткені ол жанұяларға үлкен трагедия. Өкінішке орай, бұл жүйелі қылмыс болып тұр. Кәсіп ретінде біраз біздің азаматтар оны пайдаланып жатыр. Мал ұрлаған соң оны тасымалдайтын, сататын адамдар бар, оған жалған құжат жасайтын адамдар бар. Оған қамқоршылық жасайтын шешенуніктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВ.
Сонымен қатар, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру бойынша Заң жобасында бала асырап алу бойынша ұлттық агенттік құру туралы Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 20-ға жуық осындай шетелдік агенттіктер бар. Олар шетелдіктерге бала асырап алуға көмек көрсетеді. Ұлттық агенттік құру- отандық бизнесмендердің ұсынысы болған еді. Сондықтан оның барлық шығынын кәсіпкерлер өз мойындарына алмақ.
Асылбек Тойбек