Мектеп бар, бірақ сабақ өтпейді. Талғар ауданына қарасты Дәулет ауылында оқушылар 3 жылдан бері онлайн оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құрылысты 2019 жылы әкімдік қабылдап алған. О баста тапсырыс беруші де осы мемлекеттік мекеме. 1,6 млрд теңгеге келісім жасасқан бөлімнен мәселенің ақ-қарасын ажыратып сұраған ек, бас маман істің басы-қасында болмағанын айтты. Әкім де, орынбасарлары да орнында жоқ.
Даудың басы - Дәулеттегі мектептің сапасы. 2017 жылдың желтоқсанында басталған құрылыс араға 2 жыл салып қолданысқа беріледі. Алғашында карантинге, кейіннен 2 рет күрделі жөндеуге жабылып, оқушылар онлайн оқуға көшкен.
«Онлайн сабақты ата-аналардың бәрі қаламайды. Менің 2 ұлым бар, екеуі де онлайн оқиды. Онлайн сабақта баланың білімі өте төмен. Төмен емес, өте төмен», – деді Дәулет ауылының тұрғыны Салтанат Отарбаева.
«Немерем 1 класстан бастап онлайнда оқыды. Міне, қазір 3 сынып. 3 жыл болды жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Осы мектепке 1 млрд 600 мың ақша бөлді, ол қайда кетті?» – деді Дәулет ауылының тұрғыны Әсем Атагелдиева.
2020 жылы қаңтарда-ақ жер астындағы судың деңгейі көтеріліп, мектептің қабырғасы мен едені отыра бастаған. Құрылысшылар негізі себеп ғимарат шөгінді аумаққа тұрғандығын айтты. Еден кемі 60 смге шөккен, оны биіктету үшін әркім келіп 3 қабат цемент төсепті. Ал арматура мүлдем салынбаған. Ғимараттың алғашқы қабатын қайта бұзған жұмысшылар жалақыға жете алмай жүр. «Бізге 1,5 млн қарыз. 15 адам бір апта болды жұмысты тоқтаттық. «Ақшаны әне береміз, міне береміз» деп соза береді», – деді жалдамалы жұмысшы Ғабит Амиров.
Жұмысшылар мен құрылыстың жайына тікелей жауапты мамандар жауап беруден жалтарды. Ал оқушылар дәстүрлі форматқа тек сараптама нәтижесі шыққан соң ауыса алады.
«Құбыр тартылып, толығымен аяқталады. Осы айдың соңын күтіп отырмыз. Сол аяқталғаннан кейін балаларды офлайн оқыту мәселесін қарастырамыз», – деді Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Айнакүл Үшкемпірова.
«Осы жұмысқа салғырт қарағаны үшін Алматы облысы әкімдігі тарапынан сәулет және құрылысты бақылау басқармасының басшысына қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыс прокурорына жұмысқа тікелей тексеру жүргізуді сұраған болатын», – деді Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Ғалымұрат Жүкел.
Мәселе жуық арада шешілмесе, тұрғындар тым құрығанда ескі мектепке қайтаруды сұрайды. Бірақ оның да бүтіні бөлініп, жартысы жарылған. Ал жөндеуі жөнге келмеген мектеп әлі де апатты жағдайда деп танылмай тұр.
Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы