Президент: Білім грантының қаржысы студенттің өзіне берілуі тиіс

17.11.2021 01:21

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында сөз сөйледі

akorda.kz

Мемлекеттік білім грантының қаражаты студенттің есепшотына түсуі тиіс. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Мемлекет жастарға білім беру үшін жоғары оқу орындарына өте көп грант бөледі. Бір студентті оқыту құны шамамен 4 млн теңге тұрады. Ал грант саны жыл сайын артып келеді. Президент енді қаржыландыру тәсілін өзгерткен жөн деді. Қаржы тікелей грант иесіне берілуі тиіс. 

«Яғни, студент оқу ақысын өзі төлеуі керек. Бұл қаражат студенттің арнаулы есепшотына түседі деген сөз. Оны тек оқу ақысын төлеуге жұмсау керек. Бұл тәсіл жоғары және жоғары оқуынан кейінгі білім алу саласында бәсекелестікті арттырады. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етеді. Білім сапасын жақсартып, студенттердің жауапкершілігін арттырады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 4 мыңға жуық медицина маманы жетіспейтінін жеткізді. Ал кадр тапшылығының тағы бір себебі – мамандардың шетелге кетуі екенін баса атап өтті. Жыл сайын жоғары медициналық білімі бар мыңнан астам азамат өзге елге қоныс аударады. Президент шетелде оқыған мамандарымыз оқуын Қазақстанда жалғастырамын десе, алдынан түрлі кедергі шығатынын айтады. 

«Ұлыбритания мен АҚШ-тың әйгілі жоғары оқу орындарында білім алған жастарымыз аз емес. Солардың бірқатары елге оралған соң мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмағаны туралы мәліметтер де бар. Бұл – дұрыс емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің белді оқу орындарында медициналық білім алған азаматтарымызға еш кедергі болмауы керек. Олардың дәрігер болып жұмыс істеуіне рұқсат беру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу қажет», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.