Тараз қаласынан жеті шақырым жердегі Қостөбелік халықтың жанайқайы
Қашықтан оқыту қашықта жатқан ауылдарға қиынға соғуда. Тіпті, Тараздан таяқ тастам жерде орналасқан Қостөбе ауылының оқушылары бүгінде көпір үстін жағалап сабақ оқып жүр. Себебі бүтін бір ауыл байланыс пен интернет игілігінен ада. Ауылдағы ағайын байланыс үшін «биікке» шығып барлық мүмкіндікдерді қарастырып әлек. Желіге жете алмаған жұрттың талабын әкімдік шешіп бере алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тараз қаласынан жеті шақырым жердегі Қостөбелік халықтың жанайқайы осы. Қараусыз қалдық деген жұрт жағдайдың мүлдем жасалмай, әкімдік назарынан тыс қалғандарына қапалы. Ауылда 4 сыныптық бастауыш мектеп болғанымен, хәлі мүлкіш дейді.
«Мектебіміз 4-ақ класс. Оны қаншама айттық, ең болмағанда жөндеп беріңіздер, 9 жылдық қылып беріңіздер деп. «Сіздер жоспарда жоқсыздар» деп шығарып салды», – деді ауыл тұрғыны Ләззат Құдайбергенова.
«Сыныптағы оқушылар тар бөлмеде отырады. Жағдай жоқ. Спортзал деген атымен жоқ. Акт залдар атымен жоқ», – деді ауыл тұрғыны Қайрат Дәуренбеков.
Онлайн оқу басталды дегенді естігенде, мұндағы жұрт Тараздағы таныстарына бала-шағаны аттандырған. Өйткені елдімекенде әлі күнге дейін ұялы байланыс пен жылдамдығы жоғары интернет жоқ. Оқушылардың дені Whatsapp желісі арқылы білім алуда. Онда да желі дұрыс ұстаса. Амалы таусылған ұстаз бен оқушы, оқуды қыр мен өткел үстінде өтіп жүр екен.
«Ауылда оқу онлайн дейді қазір. Ол онлайнды қайтіп оқиды. Ол онлайнды, балалар 4-5 машинаға 4-5 баланы салып алып, қырдың басына алып барамыз уақытымызды бөліп. Сол жақта оқып келеді. Мұғалімдер де сол жаққа барып оқиды. Көлігі жоқтар жаяу барады. Батыс Еуропа-Батыс Қытай трассасы бар ғой. Соның мостына шығып балалар сабақ оқиды. Түнделетіп сол жақта отырады. Оларға бірдеңе болса, кім жауап береді?» – деді ауыл тұрғыны Дидар Қилыбаев.
Балалары білім іздеп қыр аралаған ауылда, желі мәселесі жақын аралықта шешілмек. Осылай деп округ әкімі уәде берді. Дегенмен интернет тапшылығын жою «Транстелекомның» еншісінде дейді. Егер олар толқын тарататын тұғыр орнатса, онда аталған проблеманың түйіні биыл тарқайды деп отыр.
«Қазір «Транстелекоммен», «Билайнмен» жұмыс жасап жатырмыз. Олардың құрылғылары дайын тұр. Бірақ тұғыр керек. Ол 25 метр биіктікте орналасу керек. Ол орнатылса, радиотолқын ұстайды да, сол арқылы үйлерге таратылады. Былтырдан бері жанымызға батып жүрген мәселе еді, бірақ осы жылдың ішінде шешімін табады», – деді Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаров.
Жаны ашыған жауыптыға алтын сырға болсын. Ауылда жауын жауып, жел тұрса жарықсыз қалады. Себеп, 60 жыл бұрын жүргізілген желі мен бағаналардың ескіруі. Ал, әкім мырза жаңа мектептің қашан салынарын дөп басып айта алмады. Тек ауылдың қала беткейінен жаңа алапқа жер бөлініп, сонда салынатынын ғана айтты. Ал уақыты болса белгісіз.
Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысынан