Биыл жалпы саны 1625 орындық 9 балабақша мен 12600 оқушыға арналған 8 жаңа мемлекеттік мектеп салынады
Биыл жалпы саны 1625 орындық 9 балабақша мен 12600 оқушыға арналған 8 жаңа мемлекеттік мектеп салынады. Білім беру нысандары, әсіресе, қаланың шеткі аудандарын қамтитын болады. Статистикалық мәліметтер бойынша жыл сайын шаһарда 30 мың бала дүниеге келеді. Балабақша мен мектепке баратын балалар саны тек соңғы жылдары екі есеге артқан. Қала әкімдігі орын тапшылығын азайтуға нендей әрекеттер жасап жатыр? Қай аудандарда жаңа нысандар пайда болады? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатады.
Қазір қалада 45 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Орын тапшылығын азайту үшін қала билігі ауқымды жұмыстар жасап жатыр. Мәселен, биыл жалпы саны 1625 орын болатын 9 балабақша бой көтереді. Ал 2022-2023 жылдары тағы 10 мектепке дейінгі мекеме салынбақ.
«Ақылы балабақшаларға барған ата-аналардың да балаларына қамқорлық жасап, төлейтін төлеміне жергілікті жерден қаржы бөлу мәселесін қолдауға, сол мәселені шешуге барынша күш жұмсап жатырмыз. Оңтайлы шешілетін шығар деп. Бұл өте қуанарлық нәрсе», – деді ҚР Еңбек ері, Алматы қаласының құрметті азаматы, ұлағатты ұстазы Аягүл Миразова.
Балабақшадан бөлек, жаңа орта білім беру нысандарын салу сияқты шаруалар да қарқын алған. Биыл 12600 орынға арналған 8 жаңа мемлекеттік мектеп салынады. Оның бесеуі орын тапшылығы, әсіресе, өзекті болып тұрған Алатау ауданында қоныстанады.
«Ол Нұркент ықшамауданында 1500 орынға арналған мектеп құрылысымен барып танысқан болатынбыз. Сонымен қатар, Дархан ықшам ауданында 1500 оқушыға арналған құрылыс нысаны жүргізілуде. Саялы ықшамауданында 1800 орынға арналған құрылыс басталып кетті. Әр құрылыс нысандарын бақылауға алып ол жерде болып жатқан тыныс-тірлішікпен танысып тұрамыз», – деді қалалық мәслихат депутаты Гүлжан Бекенова.
Сонымен қатар, ескі мектептерді жаңартып, ғимараттарды сеймикалық бекіту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Орын жетпей жатқан 17 мектептің жанынан жапсарлас нысандар тұрғызылады. Мәселен, Әуезов ауданындағы №133 жалпы білім беретін мектепті кеңейту жұмыстары өткен жылдың соңында басталған. Құрылыс алдағы оқу жылына дейін аяқталады деп күтілуде.
«Осы жаңа ғимараттың құрылысы басталғанда әбден қуандық. Шын мәнісінде, қазір құрылыс өте қарқынды жүріп жатқанын көзіміз көріп жүр. Жаңа оқу жылында жаңа ғимарат, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларына есігін айқара ашады деген ойдамыз», – деді қала тұрғыны Асылзада Еркебаева.
Сондай-ақ, Түрксіб ауданында орналасқан мына №59 мектеп-гимназиясының маңында да жапсарлас ғимарат салынады. Мәселен, мына ескі спорт зал сүріліп орнына жаңадан заманауи үш қабатты нысан бой көтереді.
Бұл мектеп-гимназия апатты болып танылған. Негізгі сыйымдылығы 600 балаға арналған, бірақ қазір 1200-ге жуық оқушы білім алады. Қосалқы салынатын 400 орын есебінен мектеп кеңейіп, тынысы ашылады.
«Осы мектепте оқиды балаларым, інілерімнің де балалары да оқиды. Жаңа қосымша нысан салынады деп біз өте қуанып жатырмыз. Себебі біздің ауданымызда көбіне аралас және орыс тілді мектептер. Осы қазақ мектеп-гимназиясы кеңейетін болғаны, үлкейетініне біз өте қуаныштымыз», – деді қала тұрғыны Жанар Қорғанбаева.
Бұдан бөлек «Жас маман» жобасы аясында колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр қызмет көрсету, құрылыс, көлік, энергетика сияқты салалық 8 колледж жаңа құрылғылармен қамтылған. Биыл тағы 10 колледж жабдықталады.
«Үлкен қаражаттың бөлініп, саланың материалдық техникалық жағын дамытқанын мен бірінші рет көріп отырмын. Бұл өте керемет жағдай. Колледждердің желісін көбейтіп жаңадан салу бұл енді республика бойынша сирек кездеседі. Бұл, біріншіден, экономикаға байланысты», – деді Өнеркәсіптік қауымдастықтар мен ТЖКБ ұйымдары одағының президенті Ысқақ Нұрмұханбетов.
Айта кетсек, Алатау ауданында алдағы уақытта екі колледж бой көтереді. Сонымен қатар, Оқушылар сарайы жаңарып, ІТ, робот жасау, ракета құрастыру орталықтары мен 3 Д модельдеу кабинеттері пайда болады.
Назкен Еркін, Медет Самаұлы, «Алматы» қаласы