Олар жуырда АҚШ-та болатын әлемдік додаға дайындалып жатыр
Қазақстандық жас ғалымдар төрткүл дүниені аузына қаратып жүр. Олар Еуропада өткен робототехниктердің 2 жарысында да жеңіске жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Саладағы мамандардың айтуынша, жасөспірімдер әлемдік рекордты жаңартуға сәл қалған. Бір қызығы, еліміздің даңқын асқақтатып жүргендер – 10-11 жас аралығындағы балалар. Вундеркиндтер қарапайым мектепте білім алады, ал біліктілігін үйірмеде шыңдайды.
Әлем біріншілігін бағындырып жүрген жас балалардың жаттығатын орнын үлкен зертхана деп айтуға келмес, бірақ осындай аядай жерде жас ғалымдар бірталай ғылыми жаңалық ашып жүр. Түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, еліміздің даңқын асқақтатып жүрген жайы да бар.
Аядай дегенмен, осы орталықта білімін шыңдаған көп жас қазір шетелдің маңдай алды университеттерінде білім алып жатыр. Түркияда топ жарған 6 бала – осы жердің шәкірті. Ел намысын қорғаған робототехниктер Словениядағы жарыстан да жүлдемен оралған. Жас данышпандар бұл салаға ес білгеннен қызығатынын айтты.
– Төрт жасымда қосымшаға барып жүргенде бір жерден робототехника мәнерін көрдім. Содан қызығушылық басталды. Инженер болғым келеді. Себебі олар роботтарды құрастырады және бағдарлама жазады. Соған қызығып жүрмін. Мен болашақта IT саласында оқығым келеді, – деді мектеп оқушысы Олжас Қуат.
Зерек жасөспірімдердің ата-анасы балалар оқуда да озат дейді. Ғылымға қазірден-ақ бет бұрған ұлдарынан күтер үміті көп. Сондықтан барынша қолдау білдіретінін жеткізді.
– Біздің ұлдар – заңгерлердің балалары. Осындай IT-технологиямен айналысып жүргеніне өзіміз де таңғаламыз. Өздері таңдады. Негізі осындай академияларды, Қазақстанның балаларын мемлекет тарапынан қаржыландыру болса, әлі де көптеген жетістік көрсетеді деген ойдамын, – деді ата-ана Гүлнәр Қуанышқызы.
Әлемде бой көрсеткен 6 бала қызығушылығының зор нәтижелерге әкелгеніне риза. Олар осы саланы тереңнен зерттеп, болашақта пайдасы көпке тиер жаңа технологияларды ойлап табуды жоспарлап жүр. Қазір олар біліктілігін шыңдап жүрген орталықта 100-ден аса шәкірт бар.
– Бұл саланың тигізер пайдасын да білемін. Қазір балақайлар тек робот құрастыруды ғана емес, ағылшын тілін де жетік меңгеруде. Одан бөлек, ұйымшыл болуды үйренеді. Негізі әр баланың таланты бар, тек оған уақытында бағыт беріп, жөн сілтей білген дұрыс. Мен оларды оқытқанда барынша қызықтыруға ден қоямын. Баланың өзінде қызығушылық болғанда ғана нәтиже шығады, – деді робототехника мұғалімі Том Ноах.
10 мен 11 жасында халықаралық деңгейде нәтиже көрсеткен балалар Еуропадағы сайыста өздері құрастырған роботтар мен фигураларды себетке жинаудан жарысқан. Онда түрлі тапсырмалар берілген, ал біздің данышпандар оны уақытынан бұрын орындап, көзге түскен. Осылайша шетелдіктерден есеп жағынан да, білім жағынан да озып, жеңімпаз атанды. Олар жуырда АҚШ-та болатын әлемдік додаға дайындалып жатыр.
Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматылық оқушылар Индонезияда өткен робототехника чемпионатында жеңіске жетті