Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жаңа ереже. Бұдан былай қашықтан оқитын студенттер күндізгі бөлімге ауысып, офлайн оқуы керек. Бұл жаңалыққа студенттер наразылық білдіріп, өздерінің келісімінсіз сырттай бөлімнен күндізгі бөлімге ауыстырып жібергендерге ашулы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері бір бөлігі, яғни екінші жоғары оқу дипломын алу үшін оқуға түскендер қазір бірінші курста оқиды. Бастапқыда қашықтан оқуға болады дегенді естіген болашақ мұғалімдер құжаттарын осында тапсырған. Енді оқу жылының ортасында дәстүрлі форматта оқитындарын біліп, төбелерінен жай түскендей болып отырғанын айтады.
«Менің университетке келіп оқитын жағдайым жоқ. Үш балам бар. Бәрі кішкентай. Үйде қалдыратын ешкім болмаған соң бүгінгі жиналысқа да көтеріп келіп отырмын. Онлайн үйден оқуға болады деген соң ғана осы оқу орынына тапсырдым. Жыл басынды бізді жинап алып, «21 ақпаннан бастап сабаққа келіңдер» дейді. Енді балаларыма күтуші жалдаймын ба, білмеймін», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Әсел Қалдыбалина.
Нарзангүл Жәнібек те қашықтан оқуға болатынын біліп мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрған. Қызметтік жолын енді бастап келе жатқанда екінші жоғары білімін алу үшін тағы да жұмыстан шығуына мәжбүр. Одан бөлек, университет басшылығы оқу ақысы да алдағы жылы көтерілетінін айтыпты.
«Оқу ақысы бізге бастапқыда келісімшарт бойынша 336 мың теңге деген. Содан кейін жиналыста айтылғандай, шамамен 555 мың болады деп отыр. Жыл басында бізге оқу ақысының өзгеретінін де айтқан жоқ еді», - деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Нарзангүл Жәнібек.
Университет ректоры бұл өзгерісті Білім және ғылым министрлігі бекіткен бұйрықпен байланыстырып отыр. Яғни, 2021 жылдың қаңтарында шыққан №137 құжатта көрсетілгендей, педагогикалық кадрлардың сапасын арттыру мақсатында студенттердің 80 пайызы дәстүрлі форматта оқуы талап етілген.
«Әріптестердің бірі басқа қалада тұрамыз дейді, енді бірі жұмыс істейміз дейді, көпбалалы аналар да бар. Біз соған сәйкестеріндіріп, қайта-қайта университетке шақыртпай-ақ, бір айдың ішінде интенсивті сабақтар өткзуді ұсындық. Содан кейін жаз айында олар демалысқа шыққанда, көпшілігі мектепте, балабақшада істейді екен, жағдайларына орайластырып, сол кезде дәрістерін алуды ұсынып отырмыз», - деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басқарма төрайымы, ректор Гүлмира Қанай.
Даулы мәселенің шешімін анықтау үшін Білім және ғылым министрлігіне шығып, жауап алмақ болдық. Олардың пікірінше, қашықтан оқу деген ұғым білім сапасына кері әсер етеді. Болашақ педагогтарды даярлауда бұл ұғымды мүлде жою керек екенін айтады.
«Бұл оқу орнына академиялық еркіндік берілді. Енді оқу кестесін жасау, жыл бойы қай уақытта қай кезеңде болатынын университетте директорлық кеңес бекітетін болады. Олар сырттай оқуды емес, қашықтан оқу жүйесін пайдалана отырып білім алатынын алдын ала білген болатын. Бір семестрде 20 пайыз қашықтан оқыды», - деді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова.
Университет басшылығының айтуынша, алдағы жылы жоғары оқу орны Білім министрлігі бекіткен бұйрыққа сәйкес жұмыс істейтін болады. Яғни, қашықтан оқимыз деп келген студенттер енді екі жылын дәстүрлі форматта оқуға мәжбүр.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы