Бүгін Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау соғылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алайда карантиннің аяқталмауы байланысты салтанатты шараға тек мектеп бітіруші түлектер ғана қатысты. Оқушылар сақтық шараларын барынша сақтады. Биыл қала бойынша биыл 9 мыңнан астам оқушы білім ұясынан қанат қаққалы отыр.Түлектердің нешеуі "Алтын белгі" иегері атанды?
Кеше ғана мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршіндер бүгін ел қамын ойлар таудай азамат болды. Талаптанды, оқыды, бар білімді көкейіне тоқыды. Ашылғанына көп болмаса да, қаладағы № 178 лицейдің биылғы жетістігі орасан дейді ұстаздар.
«Биылғы лицейдің түлектері информатикадан бес бірдей оқушымыз жүлдегер атанды. Жеңімпаз атанған 4 оқушымыз Қазақстанның белді университтеріне білім грантын ұтып алды. Лицей ұясынан ұшқалы отырған оқушыларда қуаныш сезім де, қимастық сезім де бар. Сондықтан биылғы жас түлектерге сәттілік тілеймін», – деді № 178 лицей директоры Қайратбек ШАДИЕВ.
Физика-математика сабақтарын тереңдетіп оқытатын бұл мектепті биыл 279 түлек бітіріп отыр. Оның 57-сі "Алтын белгі" иеленді. Соның бірі – Саяжан Молдабаева. 11 жыл бойы озат оқыған ол еңбегімді ақтадым дейді. Саяжан – химия пәнінен халықаралық олимпияданың жүлдегері. Болашақтағы арманы – дәрігер болу.
«Кеше бала едік. Қазір мен жауапкершілікті сезініп тұрмын. Білім нәрімен сусындатқан барша ұстаздарға алғысымды білдіремін», – деді № 178 лицейдің түлегі САЯЖАН МОЛДАБАЕВА.
Биыл қала бойынша мектеп бітірушілер саны – 9 299. Оның 548-і "Алтын белгі" иегері. Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысуға 205 мектептің 9 мың 47 оқушысы өтініш берген. Олардың ендігі мақсаты үлкен емтиханнан сүрінбей өту. Айта кетейік, республика бойынша Ұлттық біріңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде күндері өтеді.
№ 178 лицейдің мектеп тілектері үшін биылғы жыл ерекше. Себебі, бір сыныптағы 38 оқушының 20-сы Алтын белгіге бітірді. Мәселен менің де биыл мектеп бітіргеніме 5 жыл. Мектеп өміріндегі алаңсыз балалық шақ пен ақкөңіл достық еске түседі. Бұл 11 жыл партаны серік еткен әр адамның көңілінде ерекше қалары сөзсіз.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы