Құламайтын шығар: Еңбекшіарал елдімекенінде мұғалімдер дәлізде сабақ өтуге мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
680 миллион теңгеге салынған білім мекемесінің сапасы сын көтермейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауылдағы жалғыз мектеп құлағалы тұр. Алматы облысы Еңбекшіарал елдімекенінің тұрғындары 680 миллион теңгеге салынған білім мекемесінің сапасына қатысты сын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қабырғасы екіге айрылып, ішінен дала көрініп тұрса да, ата-аналар балаларын мектепке жіберуге мәжбүр. Қабырғасы құлауға шақ тұрған мектепте қазір 800-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Оған осында күні бойы жүретін 80 мұғалімді қосыңыз. Балаларын мектепке жіберуге қорқып қалған ата-аналар жаңа оқу ордасын салып беруді талап етіп отыр.

– Бәрі аспанға қарап, жұлдыз санап отыр. Құдай қаласа, мектепке немерем барады. Бірақ бұл мектепке бермеймін деп отырмын, өте қауіпті, – деді Еңбекшіарал ауылының тұрғыны Света Тұрымбетова.

– Балаларды сабаққа жіберуден қорқамын. Аз уақыт қалды ғой, аман болсын, – деді Еңбекшіарал ауылының тұрғыны Гүлшаш Сейітбатталова.

Қабырғасы 2015 жылы қаланған білім ордасының жаттығу залы толық оқшауланған. Ол аздай, оқушы саны көп болған соң балалар 3 ауысыммен білім алады. Сыныптарда қабырға жарылып, мұғалімдер сабақты дәлізде өтіп жүр.

Ғимаратта түсірілім жұмыстарын жүргізбек түгілі, бір минут тұрудың өзі қауіпті. Өйткені негізгі қабырға ажырап кеткен. Едені екіге айырылып, шатыры түсуге шақ тұр.

– Күннен-күнге мектеп отырып, қабырға жарылып жатыр. Балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдап отырмыз. Бәріміздің бала-шағамыз оқиды. Немерелеріміз оқиды. Осы мектепті салған мердігер компанияның кемшілігі шығар деп ойлаймын, – деді Еңбекшіарал орта мектебі директорының орынбасары Анар Қалтаева.

Жылы жаңа болса да, ескі күйге түскен мектептің басшысы мәселені білім бөліміне айтқан. Оның айтуынша, оқу ордасы қолданысқа берілген жылы кішігірім жарық пайда болған. Бірақ ол кезде жауаптылар бұған көз жұма қараған көрінеді.

– Қорқамыз, тексеру келіп жатыр. Жаңа мектеп, бірақ жөндеуге келмейді. Өйткені бір жағы қисайып бара жатыр, – деді Еңбекшіарал орта мектебінің мұғалімі Гүлдана Дәуренбаева.

– 80 мұғалім, 809 оқушы бар. Жауаптымын, өзім де мұғалімдермен бірге осы жерде отырмын. Құламайтын шығар деп сеніп отырмын. Сегіз күн қалды. Жаңбырдан кейін қабырға ажырап кетті, – деді Еңбекшіарал орта мектебінің директоры Жанна Ермекбаева.

– Жер сілкінісі болды, сол кезден бастап жарықтар ұлғайып кетті. Тапсырыс беруші Жамбыл ауданы құрылыс бөлімі. Құрылыс жұмыстарына 680 миллион теңгеге кетті. Таудан аққан су мектептің жертөлесіне жиналған, – деді Жамбыл ауданы білім бөлімінің бас маманы Ләйлә Бедерова

Ауылдағы жалғыз мектеп жабылса, оқушылардың күні не болмақ? Жақын маңда білім ордасы жоқ. Ал аталған мектепті апатты деп тану үшін арнайы комиссия шешім шығаруы тиіс. Онсыз мектеп осы күйінде жұмыс істей бермек.

Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Меркі шатқалындағы киелі мекенде заңсыз құрылыс жұмысы басталды – маман

Новости партнеров