Жамбыл облысының тұрғындары «Тарихи орын көз алдымызда жойылып кететін болды» деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.
Бұқара арасында Бесоба деп атап кеткен «Ақшешек» сақ қорғандары негізінен ерте темір дәуіріне жатады. Меркі шатқалындағы мекен о бастан киелі саналатын. Бірақ кейінгі жылдары бұл аумақ жауаптылардың назарынан тыс қалып, көңіл бөлінбей қалған. Тұрғындардың айтуынша, жәдігерлерді таптап, құрылыс жұмыстары басталды.
– Бұл жердегі тастың бәрін археологтар оқитынын айтқан. Белгі үйіндінің үстіне қойылса, адам жерленген. Тарихи орынның тас-талқанын шығарып жатыр. Бұл келешекке керек қой, ол –тарих, – деді Меркі ауданының тұрғыны Асқар Қызылов.
Тұрғындар бұған дейін қорғаннан балбалтас ұрланғанын айтты. Ал құрылыс жұмыстарын бастаған кәсіпкер 20 сотық жерді бір жыл бұрын сатып алған. Ол «барлық құжатым заңды, сондықтан демалыс орталығын салуды жалғастырамын» дейді.
– Менің құжаттарым дұрыс, шешім бар. Жер учаскесін нысаналы мақсаты – демалыс орындары мен халыққа қызмет көрсету нысандарын салу, – деді кәсіпкер Қайсар Молдақұлов.
Ал тарихи жәдігерлерді қорғаумен айналысатын мекеме мамандарының уәжі тым басқа. Олар «Жер заңсыз берілген, сондықтан құрылысты тоқтату керек» дейді. Әрі әкімдік аумақты берерде тиісті мамандардың келісімін алмаған көрінеді.
– Құрылыс салуға тыйым салғанбыз. Мемлекеттік актісі бар, құрылыс салуға рұқсаты бар, Бірақ құрылысын тоқтатпаса, жұмыс жүргіземіз, – деді Меркі аудандық тарихи өлкетану музейінің инспекторы Талғат Сұлтанов.
Аудан билігі тарихи жердің 17 жыл бұрын жекенің қолына берілгенін растап отыр. Бірақ одан бері иесі сан ауысып, қорым қолдан-қолға өткен. Әкімдік өкілдері «ел жерді киелі көргенімен, мәдени ескерткіш мәртебесі берілмеген» дейді.
– 2007 жылы ешнәрсені зерделемей беріліп кеткен шығар. Жөнделмейтін нәрсе жоқ, бәрін түзетуге болады, – деді Меркі ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақытхан Әбжапаров
Мамандардың айтуынша, обалы орынды мемлекет меншігіне қайтару үшін арнайы мәртебе беру керек. Ол үшін ғалымдар сараптама жасап, мекеннің маңыздылығын анықтау қажет. Ал оған қажет қаржыны Меркі ауданының әкімдігі жоспарға қоймаған. Сондықтан мәселенің күрмеуі қашан шешілері белгісіз.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысы
Оқи отырыңыз: Павлодарда нәрестесін аштан өлтірген әйел сотталды