Сәтбаев қаласында 5300 бала «әлеуметтік әмиянның» пайдасын көрмек
1 қыркүйектен бастап елдегі барлық мектепте оқушылар тегін және жеңілдікпен тамақтандырылады. Азаматтардың жекелеген санаттары дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмек. Пилоттық жоба «әлеуметтік әмиян» ретінде жолға қойылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл «әлеуметтік әмиян» жобасының аясын ел көлемінде ұлғайту жоспарланған. Қазақстанның барлық аймағындағы азаматтар аталған көмекті электрондық әмияндарға есептелген ваучерлер арқылы ала алады. «Қалтадағы қаржы үнемделетін болды» деген Райхан Рахметова аталған жоба көпбалалы аналарға көмек болатынын айтты.
– Қазақстан бойынша мектептер тегін тамақпен қамтамасыз етілгеніне қуаныштымын. Менің бес балам бар және ерекше бір перзент бағып отырмын. Әрқайсысына тамақ беру қалтама салмақ түсіреді, – деді облыс тұрғыны Райхан Ахметова.
Жоба кең ауқымда жүзеге асуы үшін тиісінше ақпар таратудың мәні зор. «Қолдауға шын мұқтаж азаматтар өзіне қажетті көмек туралы білмейді» деген қоғам белсендісі Светлана Оңғарбаева халыққа ақпарат беру қажет деп санайды. ұсыныс енгізу керек деп есептейді.
– Менің ойымша жоба өте жақсы. Бірақ аталмыш көмек жайлы білетіндер өте аз. Мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж жандар тыс қалып жатады. Сондықтанда берілетін тегін көмек жайлы ақпаратты жиі тарату керек. Сондай-ақ сан қумай, сапаға мән беруді ұмытпаса деймін, – деді қоғам белсендісі Светлана Оңғарбаева.
Бүгінде Ұлытау облысында 87 мектеп бар десек, соның 78-і аталған жоба аясында жұмыс істейді. Биыл бастауыш сыныптардағы 17 мыңнан аса бала ыстық тамақпен қамтылады. Бұл қатарға 5 пен 11-сыныптағы халықтың әлеуметтік осал тобы санатына жататын 2500-ге жуық оқушы бар. Ал Сәтбаев қаласында 5300 бала «әлеуметтік әмиянның» пайдасын көрмек.
– 2024-2025-оқу жылында 1 мен 4-сыныптарда 5 300, ал бесінші және он бірінші сыныптарда 650 оқушыны тегін ыстық тамақпен қамту жоспарлануда. Бұл мемлекеттік қызмет ҚР Мемлекеттік қызметтер туралы 158-заңының негізінде көрсетіледі. Мемлекеттік қызметті алу үшін ата-аналар мектепке құжат ұсынуы керек, – деді Сәтбаев қаласы Білім бөлімінің бас маманы Амангелді Жолдыбай.
«Әлеуметтік әмиян» шеңберінде тамақ және дәрі-дәрмекпен қамтудан бөлек, бірнеше жобаны іске асыру жоспарланған. Ақшалай қаражатты монетизациялау мен мүмкіндігі шектеулілер үшін техникалық оңалту құралдарын сатып алу қарастырылыған. Егер ұсыныс мақұлданса, аталған жоба пилоттық негізде жұмыс істейді.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Баланы қараусыз қалдырмаңыз: Алматыдағы оқу-жаттығу өтті