Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай халықаралық деңгейде ғылыми жиын өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Түркі жұртының басын түгел қосқан конференция Байтұрсынұлының бай мұрасын зерттеп-зерделеуге бағытталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Зерттеуші ғалым, публицист Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі. Мерейлі датаның аясында қазірдің өзінде түрлі ғылыми-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Ұлт ұстазы һәм Алаштың Ахметі». Түркі жұртының басын түгел қосқан конференция Байтұрсынұлының бай мұрасын зерттеп-зерделеуге бағытталып отыр. Қоғам қайраткерлері мен білім беру ұйымдарының өкілі әрі әлеуметтік-гуманитарлық ғылым саласының мамандары қатысқан жиында Алаш арысының шығармашылығы кең көлемде талданды. «Бұл өз кезегінде ғалым мұрасын біліп қана қоймай, жан-жақты дәріптеуге бағыттайды»,- дейді ұйымдастырушылар.

«Қазір 7 томнан тұратын «Қазақ» газетін шығарып жатырмыз. Ол Ахмет Байтұрсынұлының төл шығармасы, төл перзенті деп айтуға болады. 1913-1915 жылдары шыққан. Одан кейін 5 том болып «Айқап» журналы болып шыққан. Оның ішінде де Ахмет Байтұрсынұлының қаншама мақаласы бар. Семейде шығып тұратын «Сарыарқа» газеті 3 том болып шығып жатыр», – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес.

Ұлт ұстазының 150 жылдығы ең алдымен халық мәдениеті мен әдебиетінің жылы. Сондықтан айрықша датаны айшықтай түсу үшін былтыр ел Үкіметі арнайы қаулы шығарып, мерейтойға жауапты комиссияның құрамын бекіткен еді. Содан бері бірқатар тың туынды жарық көріп, ағартушы атындағы мұражай-үй де мемлекет меншігіне өткен еді.

«1924 жылы Орынборда «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі» деген болған. Яғни ғалымдардың тұңғыш съезі. Сол сияқты 1925 жылы Бішкекте қырғыз педагогтарының съезі болған. Олар Ахмет Байтұрсынұлын арнайы шақыртып, сол жерде баяндама жасатқан», – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес.

Айта кетейік, жыл басында жарыққа шыққан «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясы да осы айтулы датаға арнайы орайластырылған еді. Ал жалпы халықаралық деңгейде әлі 7 ауқымды іс-шара өтеді деп жоспарланып отыр.

Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов,«Алматы» телеарнасы

Новости партнеров