Ұлытаудан табылған алтын жәдігерлерге түркиялық ғалымдар назар аударды

30.01.2019 00:52

Ұлытау өңіріндегі ежелгі қорымнан табылған тостаған мен сырғаның сынамасын ғалымдар саф алтын деп бағалады. 90 пайызы алтыннан тұратын көне жәдігерлер бүгін Алматыда түркиялық ғалымдар назарына ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алтын тостағанның салмағы – 245 грамм. Бұл құнды жәдігерлер түркі тарихының тамыры тереңде екенін әрі Алтын Орда билеушілерінің тікелей қазіргі қазақ жерінде өмір сүргенін көрсетеді деді шетелдік ғалымдар.  Қарағанды облысындағы «Болған Ана» кесенесіне археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында құнды жәдігерлер екі метр тереңдіктен табылған еді.


«Бұл мәдени мұралар тек қазаққа  ғана емес,  күллі түркі әлеміне ортақ  жәдігер деп қарау керек.  Бұл зерттеулерді ғылыми айналымға енгізу қажет. Өйткені, түркиядағы түріктердің көбі осы Қазақстаннан, Орта Азиядан барғандар.  Сондықтан түркілердің негізгі туған топырағы да осы Қазақстан болып саналады», – деді Гази университетінің профессоры Мұса ЙЫЛДЫЗ.

Тарихшылардың мәліметінше, алтын тостаған Жошы ханның келініне немесе қызына тиесілі болуы мүмкін. Өйткені, мұндай ыдыстармен кезінде жоғары мәртебелі хан-сұлтандар мен бегімдер сусын ішкен. Соған қарағанда, Болған ана кесенесінде жерленген әйел өз дәуірінде беделді бегім болған.  

«Үлгілерді біз зертханаға жіберіп, нақты жасын анықтадық. Ол 13 ғасырдың аяғы, 14 ғасырдың басында жасалған жәдігер. Яғни, Алтын Орда дәуіріне жатады. Осы өңірдің Алтын Орданың орталығы болғанын толық сеніммен айтуға болады», – деді ҚР ұлттық музейі, «Халық қазынасы» ҒЗИ ғылыми қызметкері Айбар ҚАСЕНАЛИН.