Қателік құны: балабақша басшылары сот шешіміне наразы

06.09.2023 00:54

Білім басқармасы 500 миллион теңгені қайтаруды талап етіп отыр

zhardem.kz

Алматы облысы Қарасай ауданының білім бөлімі мен балабақша басшылары арасында дау туындады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жүздеген бүлдіршінді тәрбиелеп келеміз деген балабақша басшылары мұндай бассыздықтың бұрын болмағанын алға тартты. Олар алдыңғы жылғы ақша аударымында қате кеткенін айтты. Оны тексерген ішкі аудит олқылықты мамыр айында анықтаған. Бөбекжай иелеріне «миллиондаған ақшаны қайтару керек» деген хат келген.

– Ақшаны қалай қайтарамыз? Жұмыс істелгені жөнінде акт толтырылды. Қыздар айлығын алды, салық төленді. «Ай сайын ақшаны ұстап қалмады ма?» деп қорқып отырмыз, – деді жекеменшік балабақшаның басшысы Гүлдерай Рысбекова.

– Үш-ақ күн жұмыс істеген сияқтымыз. 1 миллион 550 мың теңге ұстап отыр. 10 наурыздағы ақшаны қосқанда, 1 миллион 800 мың теңге қайтаруым керек, – деді жекеменшік балабақшаның басшысы Ғалия Қалибаева.

Шағым айтқандар Қарасай ауданы білім бөліміне барды. Базынасын жеткізгендерге мекеме басшысы жауап бере алмады, себебі денсаулығына байланысты жұмыста жоқ екен.

– Бізді де, сіздерді де тексерді. Бұл мемлекеттік ішкі тексеріс болған. Ереже бұзылғаны анықталған соң, жауапқа тартты, – деді Қарасай ауданы Білім бөлімінің есепшісі Гүлнәр Шалапанова.

– Бұл кісілерге ұсынды, келісімшартқа қол қойған, келісіп отыр. Кемшілік анықталып, іс сотқа жіберілді. Екі тараптың да кінәсі бар, – деді Қарасай ауданы Білім бөлімінің заңгері Айдар Серғазин.

Бөлінген бюджеттің бұрыстығын Алматы облыстық Білім басқармасы да растап отыр. Мекеме берген мәліметке сенсек, жекеменшік мектепке дейінгі балаларды даярлау орындары бірнеше ережені өрескел бұзған.

– Бірнеше қаржы тәртібі бұзылған. Атап айтқанда, 2023 жылы жасалған келісімшарттың мерзімі 26 қаңтардан басталады деп көрсетілген. Осыған байланысты 178 балабақшаға 4-26 қаңтар арасындағы төленген қаржы негізсіз деп танылған. Сонымен қатар қатысу парағында бір баланың бір мезгілде бірнеше балабақшаға барғаны анықталған, – деді Алматы облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Маралбаева.

Білім бөлімі мен балабақша басшылары мәмілеге келе алмады. Жағдайға қатысты 26 шілдеде сот «Қарасай ауданы білім бөлімінің арызы қанағаттандырылсын және 178 жекеменшік балабақша 494 миллион теңгені бюджет кірісіне қайтарсын» деген ұйғарым берген.

Осы іске қатысы бар кей қызметкер қызметінен де қуылған. Ал арнаға сұхбат беріп, арызданғандар Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсірмек.

Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Астанада үш ауысымды мектеп мәселесі қашан шешіледі