Алматыда ЖОО арасында жемқорлық деңгейі 93 пайызға төмендеді

06.02.2021 01:44

Бүгінде парақорлыққа жол бермеу мақсатында барлық аудан әкімдігінде «Open Space» ашық кеңселер іске қосылды

Almaty.tv

Қаладағы жоғарғы оқу орындары арасында жемқорлық деңгейі 93 пайызға төмендеген. Бұл туралы бүгін жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің өкілдері өткен жылды қорытындылау барысында мәлім етті. Шараға агенттік төрағасы Алик Шпекбаев қатысып, жемқорлықпен күрес жөніндегі жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Қорытынды алқа жұмысына аудан басшылары және қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровпен бірге бірнеше басқарманың басшылары қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл қашанда өзекті. Бүгінде парақорлыққа жол бермеу мақсатында барлық аудан әкімдігінде «Open Space» ашық кеңселер іске қосылды. Тиімділігі - тұрғындар мәселесін шешу үшін жан-жаққа сабылтпай, бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсету.

«Алдағы уақытта осы жоба аясында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік субъектілерге мониторинг жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл бізге сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижесінде кемшіліктерді анықтауға мүмкіндік бермек», – деді «Алматы-адалдық аланы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Айнұр Сәбитова.

Жиынға қатысқандар жемқорлыққа қарсы күрес ұғымын балаларға мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру керек деп санайды.

«18 жылы өткізген сауалнамаға сәйкес, студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы көрніс 70 пайыз болып еді. Былтыр біз Нұр-Сұлтан қаласындағы Талаппен бірге өткізіп едік, сол кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы кездеспеген студенттердің саны 93 пайыз болды. 100 пайыз жойылды деп айтсам өтірік болады», – деді Республикалық «SANALY URPAQ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев.

Қаладағы атқарылған шаруаларды тыңдаған агенттік төрағасы Алик Шпекбаев Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың нәтижесіне тоқталды. Транспоренция интернейшнл халықаралық индексіне сәйкес Қазақстан 180 мемлекеттің ішінде 94 орынға шықты. Дүние жүзілік банк ұйымдарының қорытындысы бойынша 19 балладан 44-ке дейін көтерілді. Бұл тұрғыда әр маманның еңбегі зор екенін айтты. Төраға жемқорлықты жоюдың үш қадамын атады.

«Ең біріншіден, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу керек, тиімді привенцияны өткізу керек. Екіншіден - үлкен бағыт ол ағатру. Сыбайлас жемқорлықтың мәдениетін қалыптасуымыз керек. Үшіншіден - белсенді қоғам, сындарлы серіктестікпен жақсы тығыз байланыс болуға тиісті. Сонда ғана өзгерістер болады», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-өимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.

Пара алу деген бір басқа, парасаттылық деген бір бөлек ұғым. Бүгінгі кездесу парасатты ел болып қалыптасуға бағытталған отырыс болды. Жиынға келген зиялы қауымның пікірі осындай. Ашық диалог барысында аудан әкімдері мен түрлі сала өкілі ұсыныстары мен тілектерін жеткізді. Мінберге шығып, сөз алған әр спикердің сөзін қағазға түртіп отырған агенттік төрғасы оны Республика деңгейінде қарап, мамандармен бірге талқылауға уәде етті.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы