Жас ғалымдарды қолдау үшін Үкіметтен 3 млрд теңге бөлінетін болды

25.01.2019 00:58

Отандық жас ғалымдарды қолдау үшін Үкіметтен грантқа деп тағы 3 миллиард теңге бөлінеді. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар форумында тапсырған еді. Ғылымда зерттелген тың идеяны өндіріске енгізу үшін не жетіспейді? Ізденімпаз жастардың қазіргі қауқары қандай? Аlmaty.tv тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

«Ғылымның кілті – ізденісте». Осылай деп санайтын жас ғалым Ерболат Үсенов 10 жылдан бері кез келген заттың қатты, сұйық және будан кейінгі төртінші күйі саналатын «плазманы» зерттеп жүр. Бұл зерттеудің ғылым үшін ғана емес, өндіріс үшін де маңызы зор. Мәселен, қара жерге бидай дәнін екпес бұрын, оның қаншалықты өсіп-өнуге қауқарлы екенін күні-түні бақылауында ұстап, анықтауда. Бұл ғылымның болашақта өндірісті арттыруға тигізер әлеуеті зор дейді. Жас ғалымның болжамынша, 4-5 жылдың ішінде ауылшаруашылық өндірісінің дамуы қарқын алады.

«Мысалы, 1 гектардан 100 центнер алатын болса, онда плазмамен өңделген дәнді-дақылдар одан да көп, яғни 120-130 центнер беруі мүмкін. Осы жағынан тиімділікті арттыруға болады. Қазіргі таңда бұл жаңа бағыт. Ол әлі толықтай өндіріске қосылған жоқ. Қазір көптеген ғалымдар осы саламен айналысады. Біздің мақсатымыз өндірістік масштабқа дейін енгізу», – дейді жас ғалым Ерболат ҮСЕНОВ.

Академик Мұрат Жұрынов әуелі өндірісті ғылыми жаңалықтармен дамыту керек деп есептейді. Зертханада басталған ғылыми жұмысты зауытқа апарып жалғастырғанда ғана ғылым да, экономика да өрлемек. Ол үшін жартылай эксперименталды цехтарды іске қосу маңызды екенін алға тартты. Өйткені, жартылай өндірістік қондырғы жастардың инновациялық жұмыстарына баға беруге септеседі.

«Біздің ғалымдарымыздың өндіріске лайықтап жасаған жұмыстары өте көп. Олардың көбісі толығымен зерттеліп біткен. Оны ғылымға ендіруге ұмтылғанмен, зертханадағы ғылыми нәтижелерді зауыт ешқашан бірден қабылдай салмайды. Ол да дұрыс. Өйткені, оны жартылай өндірістік құрылғыларда зерттеу керек. Біз зертханаға грамдап аламыз, ол зауытта тонналап шығады. Соның арасында килограмдап шығаратын бір қондырғы керек», – деді ҚР ҰҒА президенті, академик Мұрат ЖҰРЫНОВ.

Оқимын деген балаға қазіргі қоғамда барлық есік ашық дейді сарапшылар. Былтырдан бері Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында 20 мың грант бөлінгені де бекер емес. Ал қалаға келіп, білімін жетілдіретіндер үшін 2022 жылға дейін жатақханалар салынып, 70 мың орын пайдалануға беріледі. Ал шәкіртақы тағы да 30 пайызға артпақ.

Жастардың тың идеяларды жүзеге асыруының арқасында, Қазақстан жаңа «интеллектуалды державаға» айналуы мүмкін. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та кешегі кездесуінде баса айтты. Айтты да, жас ғалымдарға қолдауды көбейтуді тапсырды. Енді ізденімпаз тәлімгерлердің білімін шыңдауға Үкіметтен тағы да 3 миллиард теңге бөлінбек.


Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы