Ғылым саласындағы былық. Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері құны миллиард теңгелік гранттарды өз қоластындағы мекемелерге ғана беріп келген.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіндегі осындай экономикалық былықтарды әшкереледі. Отандық ғылымды жеті бағыт бойынша дамыту үшін құрылған кеңес өзінің ішкі ережесіне қарамастан, басшылыққа жеке мекемесі бар тұлғаларды тағайындаған. Нәтижесінде, бір уақытта ғылыми кеңеске төрағалық етумен қатар, «Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының» директоры қызметін атқарған Мақсат Қалимолдаев бөлінген барлық соманың 24 пайызын өз инстутын қаржыландыруға жұмсаған.
«Ол кеңес шешімдерімен дәлелденген. Мәселен, бас директоры Қалимолдаев басқарып отырған Ақпараттық және есептеу технологиялары институты 1 млрд 384 млн теңгені немесе бұл бағытта бөлінген барлық қаржыландырудың 24%-ын алып отыр. Сонымен қатар, аталған институтқа 447 млн теңгенің 16 жобасы мақұлданған», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр САБЫРБАЕВ.
Агенттік өкілдері кеңесте бұдан да көп былықтар бар дейді. Мысалы, республикалық бюджеттен қарастырылған граннтардың берілу жолы жасырын дауыс беру арқылы анықталып келген. Сондай-ақ қомақты сомаға жоғары балл жинағандар емес, төмен нәтиже көрсеткендер қол жеткізіп отырған. Жемқорлыққа қарсы ведомство басшылығы ешкімнің жауаптан құтылмайтынын ескертті.