Білім орасында 2 мыңға жуық бала оқиды
Алматы облысы Мұхамеджан Түймебаев ауылындағы мектепке оқушылар баруға қорқады. Себеп - жер дүмпуінен соң білім ордасының қабырғасы сөгіліп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді ата-аналар оқушыларды басқа жаққа көшіру керек деп алаңдап отыр. Бірақ әзірге бұл талапты тыңдайтын құлақ табылмаған. Білім ордасында оқушылар әлі білім алып жатқан көрінеді.
– Немерем мектепке баруға қорқып қалды. Жағдайды көріп, есіміз шығып отыр, – деді ата-ана Гуля Бекпаева
Арызын айтқандар апаттың алдын алып, дәл қазір оқушыларды қашықтан оқуға көшірсе деген де талап айтып қалды. Ал ауыл әкімі жағдайды біледі. Алайда дәл қазір мәселе шешіледі деп уәде бермеді. Бірақ қолынан келгенін жасайтынын айтып сендірді.
– Арнайы мекеме бар. Солардың тексерісінен кейін апаттық болса, бала оқытуға тиым салынады. Арнайы мекеме басшылығына хат жолданды. Тексеріс нәтижесі бойынша нақтылап айта аламын. Мектеп 2013 жылы салынған. Іргетеасының отыруына байланысты жарық пайда болған. Жер сілкінісінен соң жарық үлкейгені рас, – деді Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жасұлан Оңалбаев.
Көпшілік құлауы мүмкін деп дабыл қаққан мектепте қазір 2 мыңға жуық бала оқиды. Мектеп директоры қабырғадағы жарықтар күн санап ұлғайғанын айтты. Бір қызығы, ертерек те арнайы тексеріс жасағандар мектепті апатты нысандар қатарына жатқызбаған. Тек күрделі жөндеу жасап, оқуды жалғастыруға болады деп шешім шығарған.
Әлібек Шынтемір, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Аулаға кіріп-шығу ыңғайсыз; апатты амбулаторияның бір бөлігінде 3 отбасы тұрады