Мемлекеттік грант конкурсына құжат қабылдау қашан аяқталады

Almaty.tv
Almaty.tv
Грантқа түскендердің тізімі 10-15 тамыз аралығында жарияланады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау 20 шілдеде аяқталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір әр университет тегін оқуға түссем деген түлекке толы. Ал үміті аздар ақылы оқудың жайына алаң.

Биыл мектеп бітірген 170 мыңдай түлектің 154 мыңы ҰБТ-ға қатысқан. Елдегі жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант негізінде оқу үшін олар 13 шілдеден бастап құжат тапсырып жатыр.

Әуелі бабына, кейін бағына сенген түлектердің құжатын 122 оқу орны қабылдайды. Яғни 83 университет, 16 академия және 12 институт. Бұл қатарға консерваториялар мен жоғары мектептер де кіреді. Тағы «Ұлттық» статусына ие 9, зерттеу бағытындағы 2 оқу орны бар. Грантқа түскендердің тізімі 10-15 тамыз аралығында жарияланады. Ал тізімнен тегін таппағандардың келесі қадамы – ақылы оқу орнын таңдау.

Назарбаев Университеті. Оқу ақысы жылына 5 млн теңгеден басталады. Бірақ студенттердің 96 пайызға жуығы грантта оқиды.  

Алматы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтындағы баға жылына 3-3,5 млн теңге. Ал Қазақстан - Британ университетінде бір студент 1 жылда 60 кредитті игеруі керек десек, мұндағы оқу құны шамамен 2 млн 400 мың.

«300 мыңдай қосқан. Алдыңғы жылы 500 мың болған, осы жылы 816 болып кеткен уже. 3 млн 264 мың болады есептеген кезде. Мысалы, біз 816 мыңды 4 жылға бөліп төлесек, 3 млннан астам болады. Ол біз үшін қымбат қой», – деді талапкер Диана Талғатқызы.

Жалпы, жоғары оқу орындарындағы бағаның өз қалыптасу тәртібі бар. Министрлік мәліметінше, әсіресе ұлттық университеттер талапкерлер есебінен төленетін ақшаны инфляция деңгейіне қарай белгілейді.

«Министрдің жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі туралы 2017 жылғы бұйрығына сәйкес оқу ақысы анықталады. 1 кредитке шаққандағы орташа бағамы белгіленеді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі департамент директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы.

Ұлттық статусын алған 9 университет Алматы, Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Мұндағы оқудың ең арзаны 700 мың теңгеден басталады. Мәселен, заңгер боламын дегендер жылына 1 млн 600 мыңға дейін, ал болашақ дипломаттар 1 млн 300 мың төлейді. Ескеру керек, жекеменшік пен мемлекеттік оқу орындарында оқу ақысы әр түрлі.

«Былтырғы 400, 500, 600 мыңның бағаларымен салыстырғанда биылғы бағалар 1 млннан астам болып отыр. Әрине, тегін оқу – студенттің арманы», – деді талапкер Гүлзат Даупасова.

«ЖОО академиялық және басқарушылық еркіндікке байланысты, баға саясатын өздерінің анықтауына мүмкіндіктері бар. Шектен тыс бағаны көтеруге жол берілмейді», – деді Ержан Әмірбекұлы

Министрлік өкілі басқалармен салыстырғанда қызмет көрсету саласындағы мамандықтардың арзан екенін айтады. Алайда, баға саясаты әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен университеттің деңгей-дәрежесіне байланысты.

«Профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысы, матералдық техникалық жабдықталуы,  лабороториялық кешеннің қалыптасуы, ақпараттық кітапхана базасының жаңаруы және де осы университеттегі студентті оқытумен байланысты шығындардың барлығы оқу ақысының құрамына кіреді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі департамент директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы.

Әңгіме оқу құнының қымбаттығында болғанымен, қаражаты барлар да қамсыз тапсыра салмайды. Мәселен, биыл тек «Құқық» саласы бойынша оқуға түсу үшін кемі 75 ұпай жинау қажет. Ал өзге бағыттарда өзгеріс жоқ. Дегенмен, шекті балды әр университет өзі қояды.

«Бұл әрине, біздің отбасылық, әлеуметтік жағдайымызға да әсер етеді. Ата-анамыздың табысына да қатысы бар. Оқу ақысын көтерсе, жалақыны да көтеру керек қой», – деді талапкер Еркеназ Ерланқызы.

Күні кеше Ғылым және жоғары білім министрі қазіргі әлеуметтік - экономикалық ахуалдың назарға алынатынын, соған сәйкес мемлекеттік және ұлттық университеттердегі оқу ақысының көтерілмейтінін кесіп айтты. Яғни, жыл сайын шарықтайтын баға биыл былтырғы шамада қалады.

Мадина Оқас, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров