«IITU Innovation» ауқымды жобасы инновациялық идеялардың тоғысқан алаңына айналмақ
Жүлде қоры 10 млн теңге болатын байқауға өтінім қабылдау басталды. Өз шығармашылығынан туындаған стартап жобаларды кез келген жастағы қатысушы ұсына алады. Бағдарламаның негізгі бағыты инновациялық жоба болуы тиіс және қала тұрғындарының пайдасына жарауы керек. Ауқымды шара «Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің» ұйымдастыруымен жүзеге асып отыр. Өтінімді қалай және қайда беру керек? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тарқатып айтады.
«IITU Innovation» ауқымды жобасы инновациялық идеялардың тоғысқан алаңына айналмақ. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған жобаға қатысушылардың жасы мен тұрғылықты мекенжайына да шектеу жоқ. Бастысы ұсынған жұмысыңыз көпшіліктің көңілінен шықса, білім беру орталығы жобаңыздың іске асуына қаржылай қолдау көрсетпек.
«Өтінмдер iitu.kz сайты арқылы қабылданады. Сол жерде өзіңіз туралы бар ақпаратты толтырасыз және ұсынатын жобаңызды да онлайн тапсырасыз. Келіп түскен жұмыстардың барлығын біз іріктейміз. Әділ-қазы алқаларының құрамына университетіміздің белді профессорлары мен проректорлары бар», – деді «IITU INNOVATION» жетекшісі Айбек Рахим.
Бүгінге дейін орталыққа 30-жуық жоба келіп түскен. Ай соңына дейін 100-ден астам стартап жобаны қабылдау жоспарланып отыр. Байқау барысында әр қатысушыға өз стартап жобасын дамыту жолдары мен қыр-сырлары үйретіледі. Сондықтан ұйымдастырушылардың айтуынша, жобада жеңіске жетпесеңіз де, құр-қол кетпейсіз. Білім жетілдіресіз, пікір алмасасыз, тәжірбие шыңдайсыз.
«Бүгінге дейін біздің студенттеріміздің жобалары жүзеге асып, қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде пайдаланылып жатыр. Біз мұндай байқауларды жие ұйымдастырамыз. Бұл жолғы байқаудың ауқымы кең және географиялық тұрғыдан да шектеу қойған жоқпыз», – деді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің Цифрлық және инновациялық даму бөлімінің проректоры Нұржан Дузбаев.
Қатысушылардан жобалар 30 қыркүйекке дейін қабылданады. Инновация мен IT технологияны ұштастырған олардың жұмыстары 2 ай бойы сарапталып байқау нәтижесі желтоқсан айында белгілі болады.