Жамбыл облысында оқушылар Мәдениет үйінде оқуға мәжбүр

26.11.2022 01:13

Мектепті күрделі жөндеу жұмысы маусым айында басталыпты

Almaty.tv

Жамбыл облысында 130 орындық мектептің күрделі жөндеуі бітпей тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрар Рысқұлов ауданы, Қарақат ауылындағы шағын ғана мектепті күрделі жөндеу жұмысы маусым айында басталыпты. Жоспар бойынша жаңа оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда құрылыс аяқталмай отыр.

«Балам 9 сыныпта оқиды. Бастауыш сыныптар ауылдағы Мәдениет үйінде оқып жатыр. Бұл жерде оларға ешқандай жағдай жасалмаған. Екі бөлмеде тар жерде оқиды. Ертерек қолға алып, мектепті бітіріп беруін сұраймын. Балалар көрші Абай ауылындағы мектепте оқып жүр», – деді ата-ана Ғалия Алмасбекова.

Мұғалімдер оқу процесіне еш кедергі жоқ дейді. Бастысы мекеме жылы, таза. Алайда Мәдениет үйіне барар жол ыңғайсыздық тудыратын көрінеді. Ал аудандық білім бөлімі мерзімнің кешігуін мердігердің жауапсыздығымен байланыстырады.

«Енді мәдениет үйі, ол мәдени іс-шараларына арналған. Оны өзіңіз де біліп отырсыз. Мектептің талаптары бөлек. Санитарлық нормалар деген болады. Бірақ жұмыстың кешігуіне байланысты қабылданған шешім болды. Басты мақсат оқу процесі тоқтамай жүруі керек. Күрделі жөндеу жұмыстары аудандық білім бөлімі бақылап отыр», – деді Т. Рысқұлов аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова.

Құрылыстың сапасына сын айтып, бақылау жасайтындар көп-ақ. Жергілікті әкімдік 10-15 күнде толық жұмыс аяқталады деп сендірді.

«Қазіргі таңда мерзімінен кешіктіргені үшін арнайы заң талаптарына сәйкес, мердігерге айыппұл төлейді.  10-15 күнде толық жұмыс аяқталады деп жоспарлап отырмыз», – деді Т. Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев

Жоғарғы сынып оқушылары көрші ауылға қатынап оқиды. Білім бөлімі 2 автобус бөлген көрінеді.

Жомарт Есқара, Руслан Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан