Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге
Қазақстанда мектеп тапшылығы әлі өзекті болып отыр. Қазір республика бойынша 270 мың оқушыға орын жетіспейді екен. Білім ошақтарында бала саны көп, мектеп жетіспейді. Бұл әсіресе, Түркістан, Алматы, Маңғыстау облыстарында байқалады.
Қазақстанда 270 мыңнан аса оқушы үшін орын тапшы. Көрсеткіш жыл санап артпаса, азаймай тұр. Мектеп құрылысын белсенді жүргізбесе, алдағы 2 жылда орын тапшылығы 1 миллионға жетуі мүмкін. Бұл мәселе қазір Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарында өзекті болып тұр. Маңғыстау облысының өзінде 3 мыңға жуық оқушыға мектеп жетіспейді.
– Осы мәселелерді шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бірқатар механизм қолданылып жатыр. Мұның ішінде 1000 мектеп тапсырмасы, бұдан бөлек, биылдан бастап «Жайлы мектеп» жобасы бар. Сондай-ақ осы жылдан бастап жемқорлықтан қайтарылған ақшаға мектеп салу жоспарлануда, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі бюджеттік жоспарлау департаменті инвестициялық жобалар басқармасының басшысы Жайық Махсұтов.
Министрлік мәліметінше, елде 7 500-ден астам білім ошағы бар. Оның 147 мектеп үш ауысымды, 33-і апатты жағдайда тұр. Өткен жылы 40 апатты және 3 ауысымды мектептер мәселесі шешімін тапты. Үкімет қолға алған жоба сәтімен іске асса, 400-ден астам жаңа білім мекемесі салынады.
– Қазіргі таңда 118 лот бойынша мердігерлер анықталды. 52 конкурс бойынша мердігердің талабы өтпей қалды. 15 лот бойынша өтінім түскен 8 өңірден мектеп салынбайтын болды. 7 мектептің орны өзгеруіне байланысты конкурстан алып тастадық, – деді Samruk-Kazyna Construction АҚ Құрылыс және пайдалану жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары – басқарма мүшесі Ғабит Малғаздаров.
Ұлттық жобаны Оқу-ағарту министрлігі мен Samruk-Kazyna Construction АҚ бірлесіп іске асырады. Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 646 жарым млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Бүгінгі таңда еліміздің 20 өңірінде салынатын 118 мектептің мердігері анықталып қойған. Жоспарлы жұмыс кестеге сай атқарылса, келер жаңа оқу жылында үш ауысымды мектептің жайы біртіндеп шешілмек.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы