Алматыда жаңа оқу жылында 4 мектеп ашылды. Оның бірі Алатау ауданында 600 балаға арналған білім ошағы болса, қалған үшеуі әрқайсысы 500 орындық жекеменшік мектеп. Заманауи үлгіде салынған білім ошағында оқушының жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматылық Назерке Қырғызбайдың жасы небәрі 21-де. Жас маман биыл ғана қолына диплом алып, ұстаздыққа қызметке кіріскен. Мұғалім деген ұлы атқа лайық болу үшін талмай еңбек етемін деген ол жұмысын су жаңа білім ошағында бастайтынына қуанышты. Есте болса, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тамыз кеңесінде биыл ғана ұстаздық қызметке қабылданғандарға ақшалай сыйақы беріледі деген еді. Оған қол жеткізген жастар енді жауапкершіліктің арта түскенін айтады.
«Мен осы жаңа еңбек жолымды жаңа мектепте бастағалы отырғаныма қуаныштымын. Бұл мектеп жаңа жоспар бойныша көптеген жаңа құрал-жабдықтармен толтырылған. Және сол құрал-жабдықтарды пайдаланып, өз білімімізді пайдаланып, оқушыларға жоғарғы білімді береміз деген ойдамын», – деді Алматы қаласы №201 мектеп биология пәнінің мұғалімі Назерке ҚЫРҒЫЗБАЙ.
Нұркенттегі білім ордасының ашылуына барған қала басшысы әр сыныптың ішін аралап шықты. Онда 150 балаға арналған асхана, 2 спортзал, қос акт залы бар. Әкімнің айтуынша, мектеп жетіспеушлігі мәселесі қашанда назарда. Мәселен, биыл Түрксібтегі «Колхозшы» ықшамауданында 600 орындық және Әуезовтегі «Мамыр» ықшамауданында 1200 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Оған қоса, әлеуметтік жауапкершілік аясында №140 мектепке жапсарлай 300 орындық мектеп салынады.
«Әлеуметтік саланы дамыту мақсатында мемлекетіміздің бағдарламасын қаламызда кең көлемде ауқымды іске асыруды бастадық. Оның ішінде үлкен шаруалардың бірі осындай көптеген мектептер салу. Осы Алатау ауданында 2-3 жылдың ішінде қосымша тағы 6 мектеп салынатын болады. Бұған қосымша қазір біз инвесторлармен келісіп жатырмыз. На подушевой финансирование дейді. Сол инвестордың қаржысын тарта отырып, мемлекеттің бөлген қаржысынан бөлек тағы да қазір 10 мектептің құрылысының жобасы дайындалып жатыр», – деді
Ал білім басқармасы қаладағы мектептер жаңа оқу жылына сақадай сай дайын деп отыр. Білім ошақтарында сейсмикалық күшейту жүргізіліп, 4 мектепте 1700-дей балаға арналған жапсарлас құрылыс жүргізіліп жатыр.
«Алматы қаласы бойынша биылғы жаңа оқу жылына дайындық өте дұрыс. Мектептер 100 пайыз балаларды қабылдауға дайын. Бүгін барлық 205 мектепте алғашқы қоңырау салтанатты жиыны өтуде. Өздеріңізге мәлім, биылғы жылы бізде қала бойынша 9 мектеп сейсмо бекітуге қойылған болатын. Күрделі жөндеу жұмысына оның бесеуі мерзімінен бұрын аяқталып, бүгін жұмысын бастап жатыр. Ал 4 мектеп жазда басталған: 2 мектеп желтоқсан айында, 2 мектеп 2020 жылы көктемде аяқталады», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнәр ҚОЖАБЕРГЕНОВА.
Жаңа оқу жылында Алматыда 260 мыңға жуық бала мектепке барады. Оның 30 мыңы білім ошағының табалдырығын аттаған 1 сынып оқушылары. Балаларға 32 мың педагог тәлім-тәрбие береді.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы