Наурызбай ауданы Таусамалы ықшам ауданында 120 балаға арналған №193 балабақша ашылды
Елорда күніне орай бүгін Алатау ауданындағы №166 мектепке жапсарлас салынған құрылыс нысаны пайдалануға берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін жобалық қуаты 360 орын болған. Мектеп жаңа оқу жылынан бастап 500 оқушы қабылдай алады. Су жаңа ғимаратта 150 орынға шақталған асхана, 17 арнайы жасақталған бөлме, үлкен спорт алаңы бар. Айта кету керек, бұл жоба «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.
«Өздеріңіз көріп отырсыздар, ғимарат өте әдемі, бүгінгі заманауи талаптарға сай, сондай әдемі мектеп болып отыр. Жалпы ауданымызда биылдың өзінде 5 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 7800 орын тапшылығын жоямыз», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Ал, мектеп ұжымы бұл күнді асыға күткендерін жеткізді. Енді білім сапасын арттыруға барын салатынын айтты.
«Елорда күніне орай мектебіміздің жапсарлас құрылысы аяқталып, бүгін, міне, бізге беріліп отыр. Өте қуаныштымыз. Енді барлық қажеттіліктеріміз өтеледі. Осыған дейін орын тапшылығы, арнайы жасақталған бөлемелердің аздығы қиындық туындататын. Мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушыларымыз бұл күнді асыға күтті. Қала және аудан әкімдігі, білім басқармасына алғысымыз шексіз», – деді №166 мектеп-лицейінің директоры Талғат Ахметов.
Наурызбай ауданы Таусамалы ықшам ауданында 120 балаға арналған №193 балабақша ашылды. Нысан барлық заманауи талаптарға жауап береді. Мұндағы құрал-жабдықтар бүлдіршіндерге барынша қолайлы болуы үшін арнайы таңдалған. Балабақша 2 жас пен 6 жас аралығындағы балалардан құралған 6 топты қабылдауға сақадай сай. Оның үстіне, 40 адам жұмыспен қамтылған.
«Балабақшада ұйымдастырылған оқу қызметтері мемлекеттік стандартқа сай өткізілетін болады. Қазіргі таңда ата-аналар келіп жатыр, сұрап жатыр, қуанып жатыр. Болашақта енді бұл балабақша балаларға ыңғайлы жерде орналасып, ата-аналарға тиімді болады деген ойдамыз», – деді №193 балабақша меңгерушісі Гүлзат Жұмаділдаева.
Сонымен қатар, жаңа балабақшаны көзімен көрген аудан тұрғындары қуанышын жасырған жоқ. Мемлекеттік балабақшалардың саны көбейе берсін деген ниет білдірді.
«Мен осы Таусамалының тұрғынымын, балабақша ашылғанына қуаныштымыз. Мемлекеттік балабақша көп болса екен деп тілейміз. Ақылы балабақшадан гөрі мемлекеттік балабақша бізге тиімді. Мына ұжымға рақмет айтқым келеді», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Зиякүл Чемербаева.
Айта кетейін, Алматыда елорда күніне орай 725 орындық екі мектептің жаңа корпусы, 120 орындық төрт мемлекеттік балабақша, сондай-ақ бірнеше жекеменшік білім беру мекемелері ашылды.
Жанар Ғаниқызы, Әрсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы