Кореяда біліктілігін арттырып келген жас ұстаз шәкіртімен бірге тың жоба әзірлеп, оны Германияда қорғауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматыдағы №12 мамандандырылған гимназияның 11-сынып оқушысы суды қоқыстан тазартатын құлтемірдің механизмін ойлап тапқан.
100 жылдық тарихы бар №12 гимназияда 9 жылдан бері ұстаздық етіп келетін Гүлназ Қуатбекқызы информатика сабағын бірден үш тілде жүргізеді. Себебі шәкірт санасына шетелдік терминдерді сол жеткізгім келеді дейді. Оның үстіне жас өнертапқыштардың еңбегі шекара сыртында шет тілінде қорғалады екен.
– Информатика пәнін қазақ тілінде және ағылшын тілінде қатар жүргіземін. Көптеген жетістікке ие болдық. Оқушыларым әр жыл сайын ғылыми-жоба жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Оқушының жетістігі, мұғалімнің жемісі, - дейді информатика пәні мұғалімі Гүлназ Мәметова.
Зерттеуші педагог, мектеп қабырғасында өнертапқыштарға қажет құралдарды алғызып, информатика сыныбын толық жабдықтап алыпты. Қазір шәкірттер робототехника сабағында кез келген күрделі механизмді құрауына мекеме басшылығы мүмкіндік берді деп отыр.
– Алматыда көптеген су қоймасы бар. Оларға барған кезде қатты ластанғанын көрдім. Осы мәселені шешу үшін роботтың жасалу механизмін қарастырдым. Судың астындағы қоқыстарды су бетіне шығаруға болады, - дейді республикалық «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» байқауының І орын иегері Ерсұлтан Болатбай.
Қоршаған ортаға пайдасы мол бұл құрылғыны оқушы ұстазымен бірге екі жыл жасаған. Қазір қосымша қозғалтқыштарын құрап, Германияға жолдама алсам дейді. Енді Мемлекет басшысы тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына дайындалып жатыр.
– Мемлекеттің ішінде ғана емес, сырт жақта да оқып тәжірибе алмасып келу, жас мамандарды қолдау болады. Мектепте 30-ға жуық жас маман бар. Олардың 15-20-ы қолжетімді мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болды, - деді №12 мамандандырылған гимназияның директоры Жанат Бекжанова.
– Президент тапсырмасы бойынша мұғалімдердің білім сапасын арттыру бағытында 2019 жылы педагог мәртебесі жөнінде заң қабылданды. Осы заңның аясында бірқатар өзгеріс болды. Соңғы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті. №12 гимназияның қаламызда мәртебесі өте жоғары. Себебі бұл мектепте 70%-дан артық зерттеуші әрі шебер педагогтар жұмыс істейді, - дейді Білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бақытжан Биекова.
Қалада жыл сайын жоғарғы оқу орнын бітірген 400 жас маман мектептерге орналасады.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті педагог мәртебесін көтеріп, талантты түлектерді қолдауды тапсырған болатын.
Әлібек Шынтемір, Ернат Болатбек, "Алматы" теларнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиададан жүлдемен оралды