Тамыз кеңесі: жаңа оқу жылында мектеп оқушылары мен мұғалімдерді қандай өзгерістер күтіп тұр

26.08.2023 01:20

Алматыда 60 мыңға жуық бала үйірмелерге тегін қатысады алады

Almaty.tv

«Мектепте дұрыс тамақтануды ұйымдастыру». Алматыда өткен мұғалімдердің республикалық тамыз кеңесінде осы тақырып кеңінен талқыланды. Республика сарайындағы жиынға 3 мыңға жуық білім қызметкерлерінен бөлек, қала әкімі Ерболат Досаев пен министрлік өкілдері, сондай-ақ оқу-ағарту саласында пікір айта алатын білікті сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әр оқу жылының алдында болатын тамыз кеңесі биыл ерекше форматта өтті. Оған ел бойынша білім беру жүйесінің 12 мың қызметкері қатысты. Айта кететіні, кеше ғана әр өңірде осы оқу-ағарту бойынша тақырыппен секциондық отырыс өткен болатын.

Алматының тақырыбы мемлекеттік мектептертегі асханаға тікелей қатысты. Көбіне мәлім, бүгінде білім ордаларында барлық бастауыш сынып оқушысы және аз қамтылған отбасынан шыққан бала тегін тамақтанады.

– Министрлік бұл мәселені шешу үшін «Ұлттық мектеп асханасы» атты бағдарлама дайындады. Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен норма бар. Соның аясында дұрыс тамақтандыру ұйымдастырылады. Әр өңірдің ас талғамына сай болады. Мектептегі берілетін тағамдар отандық таза өнімдерден дайындалуы тиіс. Осылайша ауыл шаруашылығы да дамиды. Бұл жобаны биыл Астана мен Алматыда іске асыру жоспарланып отыр, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Балалардың әл-ауқатын арттыру үшін оларды біліммен және сапалы аспен қамту жеткіліксіз. Осылай деген жиын қатысушылары мектептердегі басқа да түйіткілдерге тоқталды. Кеңесте қала әкімі Ерболат Досаев мектептертегі орын тапшылығы мәселесін шешу және балабақшалардағы кезекті азайту жолындағы жоспарды айтты. Бүгінде Алматыдағы тұрғын саны жылына орташа есеппен 70 мыңға көбейіп отыр. Биылғы оқу жылында мектептерге 34 мыңнан астам бала қабылданған. Шаһар басшысы білім ордаларындағы орын тапшылығын шешу үшін 2025 жылға дейін 22 мектеп ашылатынын хабарлады. Қыркүйектен іске асатын тағы бір бастаманы мәлім етті.

– 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 30 мектепте «мектеп автобусы» жобасы іске асырылады. Жергілікті бюджет есебінен 100 автобус 5,2 млрд теңгеге сатып алынды. Осы жылы 7,7 мыңнан астам бала қамтылады. Бұл жобаны кеңейтуді жоспарладық, келесі жылы тағы 11 мектепке қосымша 50 автобус сатып алуды көздеп отырмыз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Ерболат Досаевтың айтуынша, Алматыдағы 60 мыңға жуық бала үйірмелерге тегін қатысады алады, тәрбиешілердің айлығы 30 пайызға өседі. Сондай-ақ келесі жылдан бастап жас мұғалімдерге «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге квота көбеймек. Алматыдағы тамыз кеңесінің соңында балалардың әл-ауқатының индексіне, білім беру мекемелерінде тамақтануды ұйымдастыруға байланысты мәселелер мен қорытындылар шығарылды. Атап айтқанда, оларды шешудің жаңа шараларын әзірлеу және қабылдау үшін нақтылы ұсыныс берілді.

Оразай Нұртайұлы, Медет Саматұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы мектептеріне қауіпсіздік жүйесі енгізіледі