Төсбелгіні Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров салтанатты түрде табыстады
Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов 80 жасқа толуына орай «Еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Төсбелгіні арнайы ұйымдастырылған конференция барысында Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұрат Жұрынұлы 60 жылға жуық еліміздің ғылымына еңбек сіңіріп, оны дамытуға сүбелі үлес қосты. Бүгінде ғалым химия саласындағы 20 монография, 500-ден аса ғылыми мақала мен 108 патенттің авторы. Іс-шараға еліміздің жетекші академиктері мен ғалымдары қатысты. Сондай-ақ арнайы келген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегін жеткізді.
«Ол кісінің қазақ ғылымына сіңірген еңбегі оразан зор деп айтуға болады. Мәселен, ол кісі Тәуелсіздікті қарсы алған кезде 50 жаста екен. Қазір 80-ге толып отыр. Осы 30 жылдың ішінде елімізде болған білім мен ғылым саласындағы барлық өзгерістің ортасында жүрген тұлға», – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.
Аралас форматта өткен дөңгелек үстелде Тәуелсіздіктің 30 жылында қазақстандық ғылымның жетістіктері сөз болды. Егемен ел болып қалыптасқалы отандық ғалымдардың еңбекақысы оңтайландырылып, шетелде тағылымдамадан өтуге жол ашылды. Бүгінде жас ғалымдарға 10 басты бағыт бойынша 1 мың грант бөлінеді. Жиынға қатысушылар осы сияқты өзге де ғылымның жетістіктерін тілге тиек етті.
«153 сорт дәнді дақылдан бидай, арпа, сұлы өсірдік. Әсіресе, бидайдың қаттысы, жұмсағы, күздігі, жаздығы сияқты түрлерін шығарып, енгіздік. 20 бекініс пунктіміз болды», – деді ҚР ҰҒА академигі, биология ғылымдарының докторы Рахым Оразалиев.
«Осыдан көп жыл бұрын кішкентай балаларды емдеу немесе олардың жүрегіне операция жасау жоқ болатын. Бүгінгі күні ғылымның арқасында, мысалы, жасөспірімдер мен балаларға ғалымдарымыз бірегей операцияларды жасап жүр», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов.