Олимпиада Жапонияның Осака қаласында 24 шілде мен 2 тамыз аралығында онлайн форматта өткен
Қазақстандық оқушылар химия пәнінен өткен халықаралық олимпиадада 4 медаль жеңіп алды. Ұлттық құраманың қоржынында үш күміс және бір қола бар. Олимпиада Жапонияның Осака қаласында 24 шілде мен 2 тамыз аралығында онлайн форматта өткен. Зияткерлік жарысқа әлемнің 79 елінен 312 оқушы қатысқан. Тілшіміз қола медаль иегері Тұрыспекова Әйгерімді жеңісімен құттықтап қайтқан еді. Almaty.tv тілшісінің сюжетіне зер салыңыз.
Жапонияда өткен халықаралық олимпиадаға Қазақстанның атынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Павлодар қалаларынан төрт оқушы, яғни республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары қатысқан. Ұлттық құраманы жарысқа тәжірбиелі педагогтер мен жаттықтырушылар дайындапты. Ал, теориялық тапсырмаларды жоғары деңгейде орындаған қазақстандық қатысушылардың барлығы жүлдегер атанды. Соның бірі 18 жастағы Әйгерім Тұрыспекова қола медальға ие болды. Ақтық сынға ол ұзақ әрі тыңғылықты дайындалған.
«Мен 7-сынып оқып жүргенімде 11-сынып оқитын Асем Жүніс дейтін қыз болды. Ол сол 11-сыныпта химия пәні бойынша дүниежүзілік олимпиададан орын алған. Сол уақытта мен де осындай жетістікке жетемін деп армандайтынмын. Асем маған химиядан көп көмектесті. Сосын 11-сыныптан кейін өзі Кореяға оқуға түсті. Бірақ оған дейін, менде химияға деген қызығушылық болмады. Уақыт өте келе ғана бұл пәнді сүйіп оқи бастадым», – деді халықаралық олимпиада жүлдегері Әйгерім Тұрыспекова.
Әйгерім биыл 11-сыныпты тәмәмдап, 12-сыныпқа көшті. Болашақта инженер мамандығы бойынша Кореяда білім алғысы келеді. Ал, бос уақытында кітап оқығанды жақсы көреді. Спортты жанына серік еткен бойжеткеннің, жүзумен айналысқанына 4 жыл болыпты. Әйгерімге 7-сыныптан бастап сабақ беріп, олимпиадаларға дайындап жүрген тәлімгер Олжас Елубаев, оның химияны жақсы оқығанын айтады. Алайда басқа пәндерді де сүйіп оқып, оқуда озат болған.
«Бұл олимпиада негізі 10-11 сынып қатысады. Қазақстан бойынша ең мықты 4 оқушы ғана таңдалады. Бұл Қазақстан құрама командасы оған кіру үшін кем дегенде 4 жылдай дайындалу керек. 4 жыл бойы демалыс кезінде, жазғы демалыста дайындық лагерлеріне барады. Көптеген олимпиадаға қатысады. Солардың нәтижесінде ғана ол Қазақстан кұрама командасына кіре алады», – деді химия пәнінің мұғалімі Олжас Елубаев.
Әйгерімнің оқу-жаттығу жиындары кезінде сапалы жұмыс жүргізген мұғалімдер мен жаттықтырушыларға алғысы шексіз. Одан бөлек, жеңіске жетуге Алматы қалалық Білім басқармасына қарасты «Алматы дарыны» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мұрындық болғанын атап өту керек. Дарынды оқушыларға жан-жақты қолдау көрсету міндетін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тапсырған.
Қаламқас Нысанбай «Алматы» телеарнасы