Мемлекет басшысы мектепке хиджаб кию мәселесіне қатысты нүкте қойды

06.10.2023 01:27

Тоқаев білім ошақтарындағы буллингке тосқауыл қою керек дейді

Ақорда

Президент бүгін республикалық педагогтер съезінде Қазақстан зайырлы мемлекет екенін еске салып, бұл қағида барлық жерде сақталу керек екенін атап, өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім ошақтарындағы буллингке тосқауыл қою керек дейді. Себебі мектептерде оқушылардың бір-біріне әлімжеттік жасап, зорлық көрсетуі тыйылмай тұр. Президент зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан келген хаттарды оқып, жүрегі ауыратынын жеткізді. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура оқушылардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруы тиіс деген Мемлекет басшысы, бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, баяндауы қажет деді.

– Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеру керек. Сондай-ақ жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуі тиіс. Алайда қауіпсіздік мәселесі тек мұнымен шешілмейтіні анық. Өкінішке қарай, оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті зорлық көрсетуі тыйылмай тұр, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ауыл мектептерін жылдам интернетпен қамту мәселесі де Президент назарында. Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылықпен айналысатын азаматтарды дәл осы алыс-шалғайда орналасқан елдімекендерде білім ошағын салуға шақырды.  Мемлекет басшысы «мектептерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету – Үкімет алдындағы басті міндет» деді.

– Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін. Жалпы білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін желі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Республикалық педагогтер съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жалақысы соңғы 4 жылда 2 есе өскенін айтып, мұндай шара педагог мәртебесі туралы заң аясында жүзеге асып жатқанын еске салды. Сондай-ақ осы саланы таңдаған студенттердің шәкіртақысы 2,5 есеге өскен. Мемлекет тарапынан мұғалімдерге тиісті деңгейде жағдай жасалып жатқанын айтқан Президент «мықты маман, тау тұлға өсіруде ұстаздардың еңбегі зор» деді.

– Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі. Мемлекетіміз мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға ерекше көңіл бөлуде, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мектепке хиджаб кию мәселесіне қатысты нүкте қойды. Президент Қазақстан зайырлы мемлекет екенін еске салып, осы қағида барлық жерде, соның ішінде мектептерде де қатаң сақталуы керек деп баса айтты. Іс-шара соңында Мемлекет басшысы бірнеше мұғалімді марапаттап, ұстаздарды төл мерекесімен құттықтады.  

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы: алматылық мұғалім марапатталды