Алматылық ұстаздар лауазымдық жалақысына үстемақыны қараша айының соңына дейін алады

Алматылық ұстаздар лауазымдық жалақысына үстемақыны қараша айының соңына дейін алады
Мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесі 4 кезеңге бөлінді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы ұстаздары лауазымдық жалақыларына үстемақыны қараша айының соңына дейін ала алады. Бұлай деген қалалық білім басқармасының өкілдері қазір бюджеттік тапсырыстың Білім министрлігіне жіберіліп, бұған 7,5 миллиард теңгенің қарастырылғанын жеткізді. Бұл шаралар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. Есте болса, Президент өзінің халыққа Жолдауында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырған еді. Жалпы «Педагог мәртебесі» заң жобасы аясында жұмыстар тыңғылықты атқарылып жатыр ма? Ұстаздарға қолдау көрсету жағы қалай? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

25 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз, бастауыш сынып мұғалімі Ләйлә Өмірзаққызы «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданғаннан кейін мемлекет тарапынан ұстаздар қауымына деген қолдаудың артқанын айтады. Заңда көрсетілген 4 негізгі бағыттың бірі – мұғалімдерді материалдық түрде ынталандыру, оларды өзіне тән емес жұмыстан босату болса, қазір бұл тұрғыда жан-жақты жұмыстар жасалып, ұстаздардың тек шығармашылық жұмыспен айналысуына мол мүмкіндіктер ашылып отыр.

«1 қаңтардан бастап тағы да 25 пайыз үстемақы қосылады. Дәптер тексеруге, сынып жетекшілікке қосымша үстемақы төленеді, демалыс күндері ұзаруда. Мұның бәрі бізге жақсы жағдай туғызады деген ойдамыз», – деді М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Ләйлә Сатымбаева.

Осы ретте Алматы мұғалімдері жалақысына қосылуы тиіс 25 пайыздық үстемақыны биылғы жылдың қараша айының соңына дейін алады. Қалалық білім басқармасы бұған 7,5 миллиард теңге бөлінетінін айтады.

«Мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесі 4 кезеңге бөлінді. 4 жылда 25 пайыздан жалақысы көтерілуі керек. Бюджеттік ұсыныс дейді, соның бәрі Білім министрлігіне жіберілді. Қазіргі таңда 7,5 миллиард сомасы қарастырылды. Ол ҚР бюджет жөніндегі заңына өзгеріс енгізіліп, ҚР Үкіметінің қаулысымен 6 қарашада ақша қарастырылып, қазіргі таңда бізге жіберілді», – деді қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай.

Қала әкімдігі тарапынан үлкен қолдауға ие болған ұлағатты ұстаздың бірі – Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның мұғалімі Гүлмира Сағатқызы. Ол 2019 жылы Алматы қаласы әкімінің арнайы тағайындаған грантына ие болды. «Шығармашылықтың шыңы»  номинациясы бойынша өз жұмыстарын ұсынып, үздік деп танылды.

«Негізінен портфолио түрінде өтті. Арнайы грант бұйырып, мен 2 миллион теңге әкімінің сыйақысын, арнайы грантын алдым. Бұндай марапатқа ие болу, біріншіден, маған үлкен материалдық көмек әрі ұстаз ретінде біздің қала әкімінің және қалалық білім басқармасының үлкен қолдауы», – деді Ы. Алтынсарын атындағы № 159 гимназияның тарих және құқық пәндерінің мұғалімі Гүлмира Асанбекова.

Еске салайық, «Педагог мәртебесі» заң жобасына сәйкес, осы жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өсті. Ал сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақы екі есеге өсті. Бұдан бөлек, педагогикалық шеберлік үшін де үстеме төленеді.

Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров