Кітапхананың тағы бір ерекшелігі – студенттер үйінде отырып, бұл жерден қажетті кітаптарын онлайн алуына да болады
«Тұран» университетінің кітапханасы күрделі жаңартудан кейін бүгін есігін айқара ашты. Аз уақыттың ішінде инновациялық бағытта жаңарған кешенде студенттер үшін мүмкіндік көп. Мұнда электронды кітаптар мен тегін интернет қызметі, ағылшын және өзге де шет тілдеріндегі көркем әдебиетпен танысуға болады. Университет кітапханасында 700 мыңнан астам кітап қоры бар. Ғылыми қызметкерлер күні мерекесімен тұспа-тұс келген мәдени орынның ашылуына қалалық мәлсихаттың хатшысы мен бірнеше ғалым қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Кітапхананың заманауи бағытта ашылып отырғаны қуантады. Ғимарат ішіндегі сапалы жарық пен ерекше дизайны баурап алады. Тіпті, кітаптардың орналасуының өзі айрықша. Қаламыздағы жоғарғы оқу орындарында мұндай мүмкіндік жасалуы мақтаныш», – деді қалалық мәслихаттың хатшысы Станислав Канкуров.
Кітапхананың тағы бір ерекшелігі – студенттер үйінде отырып, бұл жерден қажетті кітаптарын онлайн алуына да болады. Қазір электронды кітапханаға тіркелген оқырмандар саны 12 мыңға жуықтаған. Бұл қазіргідей сабақты қашықтан оқу кезінде студенттерге таптырмас мүмкіндік дейді ұстаздар.
«Қазір соңғы жылдары ғылым мен білімге көп көңіл бөлініп жатыр. Осыған байланысты жастарға жағдай жасауымыз керек. Жағдай деп отырғанымыз кітап, сонымен бірге құралдар. Оның ішінде ақпараттық технологиялар. Интернет қосылған, үйден оқуға онлайн оқуға жағдай жасап отырмыз», – деді «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанов.