Құрылыс саласындағы ноу-хау. Отандық ғалымдар «жылу оқшаулағыш вакуумды панельдер» шығара бастады. Аталған материал шетелде өндірілетін аналогтарына қарағанда жеңіл, арзан әрі отқа өртенбейді.
«SAVENERGY» компаниясы 2016 жылы «Дүниежүзі банкі» мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жариялаған грантты ұтып алады. Сөйтіп компания жеңіп алған қаражатқа керек құрал-жабдықтар сатып алып барлық нормативті құжаттарды дайындап жұмысын бастаған. Қазір аталған кәсіпорын құрылыс саласында пайдаланатын «жылу оқшаулағыш вакуумды панельдер» шығарып жатыр.
«Қазіргі кезде өзіңізге белгілі, құрылыс саласында жылу оқшаулағыш материалдар қолданылады. Бірақ олардан айырмашылығы, біздің материалымыз жылуды 3-5 есеге ұстап тұру қасиетіне ие және экологиялық таза материал. Мұнда қолданылатын өнімнің барлығы қазақстандық шикізаттан қолданылады», – деді «Savenergy» ЖШС компаниясының директоры Руслан НҰРЛЫБАЕВ.
Жылу оқшаулағыш материалдың ерекшелігі – отқа жанбайды. Мамандар оны іс жүзінде тәжірибеден өткізген. Қасына бірнеше аналогты қойып, арнайы құрылғымен өртегенде, айрықша нәтиже көрсеткен.
Компания директорының сөзінше, материалды кез келген жерге қолдануға болады. Мәселен, үйдің сыртына, ішіне, шатырына тіпті, еденіне де төсеуге болады. Құрылыс саласының мамандары да әмбебап материал туралы ойларымен бөлісті.
«Біріншіден бұл материал өзге аналогтарына қарағанда жылуды анағұрлым жақсы ұстайды. Сонымен қатар, салмағы да жеңіл. Тағы бір айта кететін жайт, материал дыбысты да өткізбейді. Бұл тұтынушыға қосымша ыңғайлылық әкеледі. Менің ойымша, қазақстандық ғалымдардың құрылыс саласына өте қажетті материалды жасап жатқандары – үлкен жетістік», – деді Инженерлік компаниялар одағының атқарушы директоры Мелик АЛПЫСБАЕВ.
«Мұндай өте жеңіл заттарды алу әркімнің қолынан келе бермейді. Бұл өте жақсы атқарылған жұмыс нәтижесі. Сондықтан компанияны осы жетістігімен құттықтап қоюға болады. Мұндай заттар Қазақстанда болған емес», – дейді «Целсим» ЖШС компаниясының директоры Затқали ЕСТЕМЕСОВ.
Мұндағы техникалардың барлығы жаңадан орнатылыпты. «SAVENERGY» компаниясы қазір алғашқы тапсырыстарын орындауды бастап кеткен. Жылу оқшаулағыш материалды Алматы облысы мен Астана қалаларына тегін жеткізу қызметі де қосылған.
Өмір Әнуарбек, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы