Робототехникадан халықаралық чемпионаттың республикалық кезеңі басталды

26.02.2022 01:45

Сайысқа еліміздің барлық өңірінен 1 мыңға жуық оқушы 3 лига бойынша бақ сынап, өзара мықтыны анықтайды

Almaty.tv

Алматы облысында алғаш рет First робототехникадан халықаралық чемпионаттың республикалық кезеңі басталды. Сайысқа еліміздің барлық өңірінен 1 мыңға жуық оқушы 3 лига бойынша бақ сынап, өзара мықтыны анықтайды. Аталмыш шараның ашылуына Білім және ғылым министрлігі мен АҚШ елшілігі өкілдері қатысып, жас өнертапқыштарға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

       

Бұл сайыс қарапайым оқушыларға арналмаған. Мұнда білім беру үдерісін меңгеріп, инновациялық ілімге қызыққандар ғана қатыса алады. Ұлттық чемпионатта 1 мен 4, 5 пен 9- және одан жоғары сынып оқушылары 3 лигаға бөлініп, барлығы 120-ға жуық команда өнер көрсетуде. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жас өнертапқыштар АҚШ-та өтетін халықаралық жарысқа жолдама алады.    

«Осыған дейін Қазақстанда республикалық деңгейде осындай чемпионат өткен емес. Елімізде бірінші рет болып жатыр. Қазақстаннан бұрыннан қатысқан командалар және соған құштар адамдар жиналып, өзара ресми жарыс өткізеді. Ең алғырларын жинайды да, АҚШ-қа апарады», - деді ұйымдастырушы Қасен Жәкенов.

First – роботтехника бойынша әлемдегі ең ірі білім беру ұйымдарының бірі. Әрбір байқау өзіндік әдістемесімен және тапсырмаларының қиындығымен ерекшеленеді. Осы жолғы оқушыларға қойылған негізгі міндет – жүк тасымалына қатысты жаңа құрылғы ойлап табу. Ал чемпионатқа қатысып жатқан алматылық жас өнертапқыштардың негізгі мақсаты – отандық роботтехниканы дамытып, еліміздің атын әлемге таныту.    

«Бұл идеяны қарапайым механикаға қарап отырып жасадық. Және қазіргі кезде көптеген ауыр жүк көліктерінің жұмысына қарап істедік. Осы робот арқылы адам күшін азайтуды көздедік», - дейді қатысушы Ернар Сұлтанғалиев.

«Жастардың креативтік ойларын әріптестерімен бөлісіп, ары қарай оны нарыққа шығаруға жақсы мүмкіндік деп ойлаймыз. Біз, Сүлейман Демирел университеті осындай іс-шараларды әрқашан қолдаймыз», - деді Сулейман Демирель атындағы университеттің ректоры Давронжон Гаипов.

Айта кетейік, сайыс 27 ақпанға дейін созылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімі сол кезде белгілі болады. Одан бөлек, ұйымдастырушылар алдағы уақытта көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан да мектеп оқушыларын шақырып, First Орталық Азия чемпионатын өткізуді жоспарлап отыр.

Мерей Қанапиянов, Жақсылық Тілепбергенов, «Алматы» телеарнасы