Мектеп басшылығы айтқандай, құжатты қабылдау 15 тамызға дейін жалғасады
Астанада мемлекеттік-жекеменшік бағдарламамен салынған мектеп шәкірттерін аяқасты оқудан шағармақшы. Мәселені түсінбеген ата-аналар білім мекемесінің басшылығына наразылығын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл ата-аналардың балалары биыл 9-сыныпты аяқтады. Олар мектеп басшылығының 10-сыныпқа көшерде оқушыларды іріктеп, тұрғылықты мекенжайы бойынша қабылдайтынын ватсаптағы топтан білген. Балалары осы білім ошағында бірнеше жылдан бері оқып келеді. Олар алғаш қабылдағанда мекенжайларына қарамай алған мектеп неге оқушыларын қуып жатқанын түсінбей дал.
– Олар бізді өздері еш артық сұрақсыз қабылдап алды. Дәл қазір аяқасты біздің баламыз қайда барады? Алдын ала ескертсе болады ғой. Ортақ білім алуға деген құқығымызды шектеп отыр. Алғашында қабылдамауы керек еді. Оқу басталуына 20 күн қалғанда істегендері дұрыс емес, – дейді қала тұрғыны Қарлығаш Сәттібаева.
Бүгін 20-ға жуық ата-ана жиналған. Көпшілігі демалыс болған соң, басқа қалаға кеткен. Шетелде жүргендері де бар. Жиналғандардың сөзінше, енді ғана орта тауып, сыныптастарына бауыр басқанда оқушылардың басқа мектепке сіңісуі де қиын болады.
– Жаңадан ашылған кезде балаларды жан-жақтан қабылдады. Басқа мектепке барып, қайтадан ортаға бала қалай сіңеді? Ол жерде жаңа оқушылар оқиды, – деді қала тұрғыны Жарқын Тоқан.
Табалдырықтан ары аттай алмай тұрған кісілермен мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары келіп тілдесуі керек еді. Түстен кейін төбе көрсеткен білім ордасының басшылығы алғашында тұрғылықты мекенжайына қарамай қабылдағанын мойындап отыр.
– 9-сынаптан кейін балалардың барлығы мектептен шығарылады да, қайтадан қабылданады. Мектеп ашылған кезде бүкіл қаладан алдық. Ол рас. Ал қазіргі таңда бірінші өзіміздің шағынауданды қамтимыз. Сосын, колледжге тапсырып жатқан балалардың нақты нәтижесі шыққан жоқ. Одан кейін қалған баланың барлығын қайта аламыз, – деді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Ысқақова.
Қалалық білім басқармасы шаһардағы 10-11-сынып оқушылары тұрғылықты мекенжайы бойынша өтінім бере алатынын хабарлайды. Қазақстандағы барлық мектептің тәлімгерлері 9-сынып аяқтағаннан кейін білім ошағынан құжатын алып, қайта тапсыруы міндетті екен. Бұл министрліктің №564 бұйрығында жазылған.
Мектеп басшылығы айтқандай, құжатты қабылдау 15 тамызға дейін жалғасады. Яғни, бүгін жиналған ата-аналардың балалары қайда оқитыны келер аптада белгілі болмақ.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Баламыз түрмеде отырғандай: демалыс орнымен танысқан ата-аналар арыз жазды