Жаңа деңгейге көтерілеміз: Алматыда үш бірдей халықаралық университет ашылады

27.05.2021 01:47

Биыл 1 қыркүйектен Ұлыбританияның Лестер қаласындағы Де Монтфорт университетінің филиалы өз жұмысын бастайды

фото из открытых источников

Алматыда үш бірдей халықаралық университет ашылады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының  тікелей эфирінде өткен «Алматыны дамыту 2021: Жаһанды іскерлік орталық» атты жаңа жобалардың онлайн-презентациясында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл 1 қыркүйектен Ұлыбританияның Лестер қаласындағы Де Монтфорт университетінің филиалы өз жұмысын бастайды.

«Алматыда биыл тағы бір халықаралық университет жұмысын бастайды. Ол – Ұлыбританияның Лестер қаласындағы Де Монтфорт университеті. Әлемдік деңгейде өзіндік жоғары орны бар университет. Қазір Үкіметтен лицензия алды. Биылғы жоспар – 300-дей студент қабылдау. Егер ұсыныс көп болса, бакалавриатқа 400-дей студент қабылдайды. Жыл соңына дейін 90 магистрант қабылдау. Биыл 1 қыркүйектен оқу жылын бастайды.  Бұл университеттің кампусын салу үшін Құлжа трассаның оң жағынан жер бөлдік. Келер жылдың басында университеттің құрылысы басталады», – деді қала әкімі.

Британдық университеттің филиалы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ашылды. Қазақстандық оқушылардың  Англияға бармай-ақ қолжетімді бағамен сапалы білім алуына мүмкіндік туады. Университет аймақтағы талантты жастарға шәкіртақы да ұсынады. Сонымен қатар,  қала әкімі тағы екі университетпен келіссөздер жүргізілгенін айтты.

«Пандемия кезінде біз цифрландыруға көп көңіл бөлдік.  Денсаулық саласындағы кәсіпорындарды бір жерге жинақтап, фармкластер жасасақ және соның қасында сол жерде қызмет ететін жұмысшыларды оқытатын университет ашсақ деген идеямен Үкіметке шықтық. Үкімет бізді қолдады. Цифрлық дүниені дамытуға келгенде, Назарбаев университеті тарапынан ұсыныс болды. Назарбаев университеті ішінен ашылатын «Жасанды интеллект» мектебін Алматыдағы еркін аймаққа орналастырсақ деген ұсыныс келді. Өйткені Алматыда осыған байланысты база толық дайын.

Цифрлық салада қызмет ететін компаниялардың 70 пайызы Алматыда орналасқан. Барлық IT компания, негізгі зерттеу орталығы да Алматыда орналасқан. Біз бұл ұсынысты қуана қабылдадық. Сонымен қатар, Alma университеті мен Аризона мемлекеттік университенінің тарапынан Алматы қаласынан қосымша университет ашуға біріккен ұсыныс түсті. Әлемдік университеттердің кампус жүйесімен салынатын, студентердің сол жерде тұрып оқитын, мұғалімдері де тұратын өзінше бір қалашық, кампус болмақ», – деді Сағынтаев.

Қалада жаңа талапқа, жаңа технологияға, цифрлық технологияға, инновацияға байланысты үш бірдей университтің ашылуы қуанышты жаңалық. Қаланың экономикалық құрылымын өзгертуге жастар да атсалысу керек.  Олардың сапалы білім алуына халықаралық үш университеттің алар орны ерекше.  Сондай-ақ, қала әкімі ғылымның дамуына да мүмкіндік туатынын айтты. Ең алдымен өндіріске пайдалы, қаланың еркін аймағындағы, индустриалды аймағындағы  кәсіпорындарға, жалпы елдегі кәсіпорындар өзінің базасын күшейту, экономикалық әлеуетін көтеру үшін жаңа технологияны осы жердегі зертханалардан ала алады. Бұл қала экономикасын басқа деңгейге көтереді.