Маңғыстау облысында оқушылар жаппай уланған соң, ел бойынша мектеп асханаларындағы бақылау күшейтілді. Түркістандағы оқу орындарының бірінде «Алақан мектеп» жобасы енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
№ 28 мектеп лицейдің асханасында түскі ас дайын. Бүгін балалар қуырылған картоп пен салат, әрі жемістер мен тәтті сусын ішеді. Бірақ дастарханға отырмас бұрын оқушы «алақан» жүйесіне қол қоюы тиіс. Осылайша ата-ана баласының қайда жүргенін, қандай тамақ ішкенін біліп отырады.
– Біз сабақ оқимыз. Сосын қолымызды осы электронный затқа қойып, тамағымызды ішеміз. Тамақ бізге тойымды, өте ұнайды, – деді оқушы Әлихан Қалдыбек
Жаңа жобаның ерекшелігі – оқушы алақанының бағдарламаға енгізілуінде. Бұл арқылы оның тамақ ішкен-ішпегені ғана бақыланбайды. Аталғаннан бөлек, бала мектепке келіп, турникетке қолын қойғанда есік ашылады. Ал бұл сәтте ата-анаға «балаңыз мектепке кірді» деген хабарлама келеді. Сабақтан соң мектептен шыққан кезде де жағдай солай.
– Кей кездері балалар буфеттен тамақ жейді. Соған байланысты олар өзінің қалауын алған жағдайда, «алақанмен» төлей алады. Ата-ана қандай тамақ ішкенін біліп отырады. Өте тиімді болғандықтан, жобаны енгіздік, – деді № 28 мектеп-лицейінің директоры Ләззат Нысанқұлова.
Түркістан облысында мыңға жуық мектеп бар. 200 мыңнан астам бала бастауыш сыныпта оқиды. Өңірде 4 сыныпқа дейінгі оқушылардың ыстық тамақпен қамтылғанын ескерсек, мамандар «жаңа жүйе ел қаржысын үнемдейді» деп нық сеніммен айтып отыр. Себебі мектеп асханалары тамақты «Алақан» құрылғысына белгіленген әр балаға есептеп әзірлейтін көрінеді.
– Бастауыш сыныптардағы 220 мыңнан астам бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 63 мыңнан астам оқушы – аз қамтылған отбасының баласы. Тамаққа бөлінетін қаржы балалардың жас ерекшелігіне қарай белгіленген, – деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова.
Айта кетейік, «Алақан» жобасы пилоттық режимде ғана жұмыс істеп тұр. Әзірге бағдарламаға бір мектеп қосылған. Егер жоспар сәтті жүзеге асса, келесі жылдан бастап өзге де білім ордалары «Алақанның» шапағатын көрмек.
Нұркен Қалижанұлы, «Алматы» телеарнасы, Түркістан
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысындағы мектепте асхана қызметкерінен стафилакокк ауруы анықталды