Мектептегі дауға қатысты тексеру жұмысы басталды

16.05.2023 01:50

Желіде жанайқайын жеткізген жеткіншектің жағдайы тұтас елдің назарына іліккен

Almaty.tv

«Ұстазым қысым жасады» деп шағым айтқан оқушының жазбасы желіге жүктеле сала қызу талқыға түсті. Ол өзін Алматыдағы №133 мектептің мұғалімінен қысым көргенін айтып видео түсірген. Ал аталған білім ордасында тиісті тексеріс жұмысы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Желіде жанайқайын жеткізген жеткіншектің жағдайы тұтас елдің назарына іліккен. Білім ордасына қатысты дау бүгін тағы да өрши түсіп, 9-сыныптың ата-аналары мектеп қабырғасына жиналды. Ал «баламның құқығы тапталды» деген ана әділдік сұрайтынын жеткізді. Оның үстіне жағдайды айтып, тиісті тарапқа арызданған көрінеді.

– Қызым №133 мектеп-гимназиясында оқиды. Бір аптадан бері сабаққа бармай жүр. Қызымды, ұлымды мектепке білім алсын деп жіберемін. Менің қызымның тәртібі нашар болса, неге сынып жетекшісі, инспекторлар, тәрбие жөніндегі орынбасары жұмыс істемейді?– дейді Б. Жанұзақтың анасы Ақмарал Тұрғанбекова.

Бұл – «ұстазым балағаттады» деп шағым айтқан оқушының білім ордасы. Желіге жүктелген жазбаның дәл мектеп алдында түсірілгені анық байқалады. Ал мекеме басшысы бұл іске қатысты тексерістің басталғанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай жағдай алғаш болып отыр.

– Оқушылардың арасындағы түсініспеушілікті сынып жетекшісі шешкісі келген. Балалармен сөйлескен. Оқушыға отыр деп қолынан ұстаған екен. Бірақ ол «мен ұрған жоқпын, балағаттаған жоқпын» деп отыр. Мұғалім 5-сыныпта жетекшілікті алған. Екі жыл бала күтіміне байланысты демалыста отырып, жұмысқа қайта шықты. Екі жылдан бері сынып жетекшісі болып қызмет атқарады, – деді №133 мектеп-гимназиясының директоры Сабыргүл Оразбекова.

Сыныпта 32 оқушы бар. Кей ата-ананың айтуынша, сынып жетекшісінің тәрбиесі жақсы, тәжірибесі мол.

– Бір бала емес, басқа да балалардың тағдыры шешілейін деп тұр. Негізі, апайға қатысты айтылған сөздер дәлелсіз деп ойлаймын, – деді ата-ана Айнұр Есболғанов.

Басы дауға қалған 42 жастағы ұстаздың қан-қысымы төмендеп жедел-жәрдем шақыруға тура келді. Сондықтан «сұхбат беруге шамасы жоқ» деді мектеп басшысы. Оның үстіне бүгіннен бастап денсаулығына байланысты демалысқа шығып жатқан көрінеді. Ал даулы мәселе енді ертең қалалық білім басқармасының бақылауымен өтетін комиссия отырысында қаралмақ.

Әлібек Шынтемір, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарансы