Бұл жүйе арқылы ата-аналардың да балаларының емтихан кестесі мен сабақ үлгерімін бақылап отыруына мүмкіндігі бар
Енді студенттер сабақ кестесі мен емтихан нәтижелерін үйде отырып-ақ ұялы телефон арқылы көре алады деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, бұл жүйе арқылы ата-аналардың да балаларының емтихан кестесі мен сабақ үлгерімін бақылап отыруына мүмкіндігі бар. Жоба Алматы қалалық Білім басқармасы мен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің бірігуімен жүзеге асып отыр.
«Мұны цифрлық колледж деп атайды. Ол біздің «Адалдық алаңы» жобасы және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Қазір қалада жоғары білім беретін 38 білім мекемесі бар. Оның 36-да студенттерге қызмет көрсету орталықтары ашылды. Сондай-ақ, қалада 20 Digital College жұмыс істейді», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басқармасының басшысы Серік ПІРІМБЕТОВ.
«Digital college» патформасында электронды қызметтің 30 түрі бар. Айта кету керек, Алматы қаласында өткен жылдың қыркүйек айында аталмыш жоба пилоттық режимде іске қосылған болатын. Былтырдың өзінде 8 мың адам осы қызметке жүгінген. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл платформа оқу процесін ұйымдастырудың тиімді формасы дейді жоба ұйымдастырушылары.
«Бұл жерде біздің студенттеріміз, басқа қызметкерлеріміз алыс-жақын халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, электронды қызмет көрсету орталығынан өздерінің жеке электронды кілттері арқылы керекті анықтамаларды алып, керекті өтініштерін ешқайда шықпай-ақ бере алады», - дейді Алматы Мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжі директорының IT жөніндегі орынбасары Бектұрған АХМЕТОВ.