Динараның таңдауы АҚШ-тағы Стэнфорд университетіне түсті
Динараның бойында қазақ қызына тән қайсарлық бар. Ол әлемнің 26 мемлекетінен оқуға шақырту алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Динара - 18 жаста. Республикалық физика математика мектебінің түлегі. Өзі ақылды, сұлу,өнерлі.
Одан бөлек, аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға математика және бағдарламалау бойынша 200-ден астам сабақ өткізіп, білім алуына көмектеседі. Ғылыми жобалар және спорттық жарыстардағы жеңісі үшін де көп марапатқа ие болған. Ал биыл әлемнің көш бастап тұрған 26 оқу орнынан шақырту алыпты.
«8-сыныпта шетелде оқитын студенттердің суреттерін, видеоларын көре бастадым. 9 сыныпта Америка және Англияға оқуға түсу жайлы мәліметтер іздей бастадым. 10-сыныпта дайындықты бастадым», – деді республикалық физика-математика мектебінің түлегі Динара Қалихан.
Динараның таңдауы Google, Instagram негізін қалаушылар, АҚШ-тың 31 президенті оқыған Стэнфорд университетіне түсті. Ал ұстазы шәкіртінің білімге деген ізденісінің зор екенін айтады. Бойындағы өжеттілік пен табандылық оны көп жетістікке жетелейтініне сенімді.
«Динараның мақсаты айқын болды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шетелдік университтерге түсем деген мақсат қойды», – деді еспубликалық физика-математика мектебінің ұстазы Жаннұр Мэлсқызы
«Арманына жетіп, сол Стэнфорд университетіне оқуға жолдама алды», – деді республикалық физика-математика мектебінің ұстазы Дидар Ардақ.
«Біз Динарамен мақтанамыз. Жетістігі алда деп сенеміз», – деді республикалық физика-математика мектебінің ұстазы Динара Қуандыққызы.
Озат оқушы магистратураны да сол оқу ордасында тәмамдағысы келеді. Білімін жетілдіріп, елге оралған соң, пайдалы жобаларды іске асырғысы келетінін айтты.
«Сабақ кездерінде Динара өте белсенділігімен және көшбасшы қасиетімен ерекшеленеді. Математикаға деген құштарлығы өте жақсы. Біз сыныпта есепті жарысып шығаратынбыз», – деді Динараның сыныптасы Нұрболат Сұлтанбаев.
Динара бұған дейін де сыныптасымен бірігіп, ерекше жоба ойлап тапқан. Ондағы басты мақсат – зорлық зомбылыққа ұшыраған жандарға көмек қолын созу. Айта кетейік, былтыр еліміздің 15 үздік түлегі өзге мемлекеттің жоғары оқу орындарына түскен.
Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы