Диплом тарататын оқу орындарын жабу керек: ЖОО ректоры мәселені шешудің екі жолын ұсынды

ult.kz
ult.kz
Ғылым мен білімге қаншалықты көңіл бөлінген?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Осы жолғы Президент Жолдауы бірнеше саланы әртараптандырып, білікті әрі бәсекеге қабілетті маман дайындауға бағытталған дейді профессорлар. Ал осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуы керек? Ғылым мен білімге қаншалықты көңіл бөлінген? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек толығырақ тарқатып айтсын.  

Әлемді әбігерге салған пандемия талай мемлекеттің түрлі салаларының осал тұстарын ашып берді. Әсіресе денсаулық сақтау жүйесі жүйеленбеген елдер аурумен күресте дәрменсіз қалды. Осы тұста дәрігерлердің қадірін аса қатты түсінгендейміз. Президенттің өзі жыл сайынғы жолдауын осы ақ халаттыларға алғыс айтудан бастады. Індеттің ілмегіне ілінгендерді аяғына тұрғызу жолында аянбаған мамандар, әлі күнге дейін тынбай еңбектеніп келеді. Кешегі мемлекет басшысының жолдауы талабымызға қанат бітіргендей болды дейді медицина ғылымының докторы Арай Төлемісова.

«Президентіміз тек медицина жағындағы мамандарды айтып қоймай, қоршаған ортаға көңіл бөліңдер деп айтып кетті. Және мына экологтарға мән беріңдер деп айтып кетті. Оынң бәрі өте дұрыс. Өйткені дәрігерлердің және  эпидемиологтардың қоршаған ортамен байланыста болуы өте зор», – деді Халықаралық дипломнан кейінгі білім беру институтының ректоры, м.ғ.д. профессор Арай Төлемісов.

Иә, қоршаған ортаны қорғау мақсатында атқарылуы керек жұмыстарды да жіпке тізді мемлекет басшысы. Эколог мамандар саланың ұмыт қалмағанына дән риза. Жаңа кодекс жыл соңына дейін қабылдануы тиіс. Одан бөлек жасыл экономика және оны дамыту бойынша ұсыныстар жанымызға жақты дейді.

«Біздің ойымызша, 2013 жылы қабылданған жасыл экономикаға көшу консепциясы жаңартылуы керек және осы жинаған ұсыныстар негізінде қазақстанның стратегиясы бойынша жасыл өнімнің басқа да шетелдік тәжірибеге сәйкес практикасы да енгізілетініне сенімдіміз», – деді Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Елдос Абақанов.

Маңызды құжатта диплом тарататын жоғарғы оқу орындарын жабу керек деді Президент. Саннан сапаға көшу керек екенін жеткізді. Осы тұста Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов бұл мәселені шешудің екі жолы болғанын айтады. Алғашқысы бәсекелестік арқылы. Алайда университеттер бір-бірімен білім жағынан теке-тіресе алмады. Оқу бітіріп, диплом алған болашақ маманның бәрі нарықта өз орнын таба алмайды. Осыдан барып жұмыссыздар көбею проблемасы туындады. Енді әкімшілік тұрғыдан шешкен абзал дейді Ғалымқайыр Мұтанов. Сапалы білім бере алмайтын оқу ордасын жабу идеясын толықтай қолдайтынын айтты.

«Ол неге мәселе қайта-қайта көтеріліп отыр? Ол, біріншіден, мына ресурстар шашылып кетіп жатыр. Одан кейін жастардың көбі  диплом алсам болды, өмір жолы ары қарай айқындалып шешіле береді деп ойлайды. Қазір өмір көрсетіп отырғандай, диплом емес, біліктілік қажет болып отыр. Бәсекеге қабілеттілік болып отыр», – деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

Білікті маман дайындап, бәсекеге қабілетті қызметкер шығару мақсатында Президент ғылымға көптеп көңіл бөліну керектігін де айтты. Осы орайда «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1 мың грант берілмек. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова мемлекет тарапанынан көрсетіліп жатқан мұндай қолдаудың маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өскені, білім беру жүйесіндегі жүйелі өзгерістер болашақ жас маманның әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді дейді.  

«Қазақстанның бұл тараптағы мақсаты ғылымның дамуына жана қарқын беру, оның дамуы үшін дұрыс бағыттарды қабылдау және отандық бизнестің ғылыммен тығыз байланыста болуына ықпал ету. Бұл орайда елімізде бірнеше бастамалар қолға алынып отыр», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова.

Бұл жолдауда айтылған салалардың бірнешеуі ғана. Осының өзі елде қордаланған мәселелердің шешілуіне оң ықпалын тигізері сөзсіз дейді сарапшылар. Сондықтан заман талабына сай, ысырапшылдықтан арылып, жинақы өмір сүруге бейімделу керек екенін айтты Мемлекет басшысы.

Өмір Әнуарбек, Ялкунжан Әшімжанова, «Алматы» арнасы

Новости партнеров