|
19.12.2023 | 21:02
574

Биыл 25 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді

62 мектептің құрылысы қаржыландырылды

Биыл  25 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді Almaty.tv

Қазақстанда жемқорлардан алынған ақша мектеп құрылысын қаржыландыруға бағытталып жатыр. Елде 62 білім ошағы дәл осы парақорлардың қаражатына салынбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астаналық Елена Иванова 40 жылдан бері тәрбиеші болып жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында тәрбиешінің қолынан полицей, мұғалім, сенат депутаты сынды лауазымды тұлғалар шыққан. Ол бүгін жылдың үздік педагогы атанды. Ұлағатты ұстаз саладағы тың өзгерістерді айтып берді.

– Бүгінде мектептер мен балабақшалардағы технологиялық өзгерістерге көңілім толады. Қазіргі балалар компьютер алдында еркін отырып, сабақ оқи алады. Білімін шыңдайды. Осы күні мұғалімдердің айлығы да айтарлықтай өсіп келеді. Жалықымыз бұрынғыдан бірнеше есе көбейгені де өтірік емес. Соңғы бірнеше жылда білім саласына көп көңіл бөлініп, оң өзгерістер болып жатыр, – деді  қалалық №46 балабақша -мектеп-гимназиясының тәрбиешісі Елена Иванова

Биылғы қаңтарда мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өсті. Қыркүйектен бастап 98 мыңға жуық тәрбиешінің жалақысы 30 процентке артқан. Ел бойынша 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. Осылайша, 12 апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын 29 мектеп бойынша мәселе шешілді. 210 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы басталды.  Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, яғни жемқорлардан алынған ақша құйылатын қор құрылған сәттен бастап арнайы шотқа 151 миллиард теңгеден астан қаражат түскен. Нәтижесінде жалпы сомасы 96,5 миллиард теңгеге 77 мыңға жуық оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды.

Бұған қоса, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тапты.

– Бұған дейін еліміздегі 9 өңірде ғана оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылып келсе, биыл қыркүйектен бастап барлық өңірдегі бастауыш сыныптардың 1,4 миллион  оқушысы мен 5-11 сынып аралығындағы  әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 200 мың баласы мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев

Биыл 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы 20 пайыз өсіп, 41 мың 898 теңгеге жетті, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15 пайызға көтерілсе, колледж студенттерінің стипендиясы 50 процентке бір-ақ өсті.

Сонымен қатар биыл 5,9 мың орынға арналған 25 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 мың орындық 19 жатақхана ашу жоспарланып отыр. Саясат Нұрбектің айтуынша, елде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жалғасуда.

– Сеулде  ғылым және технология университетімен бірігіп жасанды интеллект мектебі ашылды. Жақында ғана Шығыс Қазақстан техникалық университетінің негізінде Лубань шеберханасы іске қосылды.  Бұл – электромобильдерді жасақтайтын тұңғыш инженерлік орталық, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек

Айта кетейік, 2022 жылдың маусымында білім министрлігі Оқу-ағарту және Ғылым мен жоғары білім болып екі ведомствоға бөлінген еді. Содан бері қос саланың әрқайсысы жеке  дамып келеді.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир