Елімізде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» челенджі бастау алды

14.12.2019 01:40

Оған еліміздің барлық аймағынан 100-ден астам делегет қатысты

Almaty.tv

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған республикалық форумда Жансейіт Түймебаев осындай ұсыныс жасады және эстафетаны бірінші Алматы қаласына жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ шарада мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесі талқыланды. Форум барысында қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері бірқатар сауалдарға жауап беріп, тәжірибелерімен бөлісті.

Форум әдеттегідей құр баяндамалармен басталған жоқ, еркін форматта өтті. Бірнеше ұлт өкілдері кезекпен-кезек қазақ тілінде сайрай жөнелгенде сүйсініп отырдық. Бірі ауылда қазақ ортасында өссе, енді біріне ана тілімізді ата-анасы үйреткен. Өз еркімен меңгеріп алғандар да бар. Түсінгеніміз, мұқтаждықтан емес, ұлтқа, жүректегі Отанға, тілге деген құрметі қазақ тіліне деген махаббаттарын оятқан.

«Мен қазақ тілін өз бетімше үйрендім, анам көмектесті. Үйде бес баламыз. Барлығымыз қазақша сөйлейміз. Сол үшін анама рахмет», – деді қатысушылардың бірі.

Ионг Мин Чу есімді кәріс қызының қазақ тіліне деген қызығушылығы өз елінде оянған. Кореядағы Орталық Азия университетінде оқып жүріп, Қазақстанды таныстыра алатын мамандардың өте аз екенін түсінген.  Қазақ тілі Қазақстанда ұлтаралық тіл бола алатынына сенімді. Тек тез арада латын әліпбиіне көшсе, өзге ұлттарға меңгеру оңайға түсер еді дейді.

«Қазақ тілі қазақстанда ұлтаралық қатынас тілі бола алады деп ойлаймын. Қазақстанда көп ұлт тұрады. Олар бір-бірін түсіну үшін тіл керек. Меніңше, Тәуелсіз Қазақстан болғандықтан, қазақ тілінде сөйлеген дұрыс және қазақ тілін латын қарпіне ауыстырады ғой, олай болса, қазақ тілінің имиджі, деңгейі басқаша болар еді. Және шетелдіктерге қазақ тілін оқуға оңайырақ болар еді», – деді форумға қатысушы Йонг мин ЧУ.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев ел халқының 30 пайызын құрайтын өзге ұлттар тілімізді ұлтаралық тіл ретінде қолданатынын айтты. Оған алғаш рет ұйымдастырылған форумға еліміздің барлық аймағынан келген 100-ден астам делегет дәлел бола алады деді.

«Мемлекетімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттың қазақ тілін – мемлекеттік тіл есебінде, ұлтаралық тіл есебінде қолданатын кезі жетті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ тілі таяу келешекте ұлтаралық тіл ретінде қызмет атқаруы қажет» деген сөзі бар. Міне, осы жұмыстардың жүзеге аса бастағанын көрсету мақсатында осындай форумды бірінші рет ұйымдастырып отырмыз», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ.

Елімізде бірлік пен тұрақтылықтың орнауына өз еңбегімен үлес қосып жүрген жандар марапаттарға ие болды. Сонымен қатар қатысушылар қазақ тілінде ән салып, ұлттық аспаптарда ойнады. Абайдың өлеңдерін оқыды.