Алматыға жер сілкінісі туралы алдын-ала хабарлайтын қондырғылар орнатылады

05.10.2019 02:06

Ескертудің заманауи жүйелерін қолдану қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. Осыны ескерген қала басшылығы жапон технологиясын сынақтан өткізіп көрмек. Бүгін сеймология институтының мамандары құрылғының авторы Challenge Co. Ltd компаниясының бас директоры Kазуо Сасакимен бірлесе жаңа құрылғымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сасаки мырза жүйені сынақтан өткізу мақсатында құрылғының бес данасын сыйға тартты. Еліміздің мамандары оны екі ай бойы бақылап көреді. Оң нәтижесін берсе, заманауи қондырғы кең қолданысқа ие болмақ.

«Осындай құрылғының 300 данасын Алматының айналасына орналастыруды жоспарлап отырмыз. Алғашқы жер сілкінісі тіркелген сәтте осыған ақпарат келіп түседі. Тағы бір ерекшелігі қауіптілігі жоғары жер сілкінісін анықтаса автоматты түрде қаланың суын, жарығын, газын тоқтатып тастайды. Бір сөзбен айтқанда ақпарат барлық кәсіпорындарға, тұрғындарға дер кезінде жеткізіледі», - деді Сейсмология институтының басшысы Досым СҮЛЕЕВ.

«Бұл жүйе арнайы датчиктердің көмегімен жұмыс істейді. Егер жер сілкінісі бола қалса, осындай дабыл арқылы орталыққа белгі береді. Орталық арқылы тұрғындардың ұялы телефондарына автоматты түрде смс-хабарлама түседі. Бұл өз елімізде оң нәтижесін берді. Егер осы құрылғыны қолданатын болсаңыздар, апаттың 80 пайызға дейін алдын-алуға болады», - деді Challenge Co. Ltd бас директоры Казуо САСАКИ.